
Шетелдік студенттерге арналған Welcome party: ЕҰУ елдерді біріктіреді








Еуразия ұлттық университетінде шетелдік студенттерге арналған Welcome party өтті.
Халықаралық ынтымақтастық департаменті ұйымдастырған кешке «Welcome to ENU» академиялық ұтқырлық бағдарламасы және қос диплом бағдарламасы бойынша университетке келген жүзге жуық шетелдік студент қатысты. Шетелдік қатысушылардың географиясы кең болды: Франция, Нидерланды, Түркия, Польша, Италия, Қытай, Корея, Вьетнам, АҚШ, Әзербайжан, РФ, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан. Бұл – ЕҰУ-ды таңдаған түрлі ел азаматтарының жалпы санының тек аз бөлігі ғана.
Студенттерді ЕҰУ-дың стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов құттықтады:
«Студенттік шақ - өмірдің ең керемет кезеңі. ЕҰУ жүректеріңізде қалсын. Университетіміздің «Біз алмайтын асу жоқ» деген ұранымыздың бір бөлшегі сіздерге серік болсын. Барлық жеңістерге жетулеріңізді тілеймін. Бір күні Еуразия ұлттық университетінің студенті болғандарыңызға мақтанатын күн туады деп сенемін», - деді проректор.
Кеш ойын-сауыққа, түрлі ойындарға, музыкалық және би бағдарламаларына толы болды.
Іс-шара шетелдік студенттердің университетпен және бір-бірімен жақынырақ танысып, оқу мен бейімделуге қолайлы негіз қалыптастыруына мүмкіндік берді. Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар Еуразия ұлттық университетіне тән жоғары деңгейдегі ұйымдастыру мен достық атмосфераны атап өтті.
