
ЕҰУ футбол командасы Qazaqstan Student League турнирінде чемпион атанды
Қазақстан футбол федерациясы мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Qazaqstan Student League турнирі өтті. Додаға елдің жетекші жоғары оқу орындарынан 13 команда қатысты. Атап айтқанда: Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Astana IT University, SDU University , Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Сафи Өтебаев атындағы Атырау Мұнай және газ университеті, Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университеті, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті, Қазақстан ұлттық спорт университеті, «Тұран» университеті, Esil University, Назарбаев Университеті, Астана медицина университеті, Алматы гуманитарлық-экономикалық университеті.
Жарыстың басты мақсаты – студенттер қауымдастығын нығайту, оларды өңірлік және халықаралық деңгейдегі жарыстарға дайындау, жоғары оқу орындарының оң имиджін қалыптастыру және университеттер арасындағы ынтымақтастықты кеңейту.
Турнир барысында ЕҰУ командасы жоғары шеберлік көрсетіп, барлық кезеңдерде сенімді жеңіске жетті:
- ЕҰУ – Астана медицина университеті: 19:0
- ЕҰУ – Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университеті: 10:1
- ЕҰУ – Сафи Өтебаев атындағы Атырау Мұнай және газ университеті: 6:0
- ЕҰУ – Esil University: 11:1
- ЕҰУ – Astana IT University: 4:2
Тартысты доданың финалында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің командалары кездесті. Шешуші ойында ЕҰУ командасы қарсыласын 5:0 есебімен жеңіп, Qazaqstan Student League 2025 чемпионы атанды. Жеңімпаз атанған ЕҰУ командасы 2026 жылдың наурыз айында Біріккен Араб Әмірліктерінің Аджман қаласында өтетін Халықаралық студенттер жарысында ел намысын қорғайтын болады.
