
ЕҰУ-де бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, компаниялар 100-ден астам жұмыс орнын ұсынды














Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шараны Академиялық мәселелер жөніндегі департаменті Карьера және бизнес-әріптестігі бөлімі «Еңбек мобильділігі орталығы» және «Астана жастары» жастар ресурстық орталығымен бірлесе отырып ұйымдастырды.
Жәрмеңкенің басты мақсаты – университет түлектерін жұмыс берушілермен тікелей байланыстыру, бос жұмыс орындары туралы ақпарат беру және олардың жұмысқа орналасуына қолдау көрсету.
ЕҰУ академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай жәрмеңкенің маңыздылығын атап өтті:
«Қазіргі таңда жас мамандардың жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту – еліміздің саясатындағы аса өзекті және басымдыққа ие мәселе. Бұл жоғары білікті мамандар дайындауда ғана үлкен жауапкершілік артып қоймай, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті кадрлар даярлауды талап етеді.
Университет ел экономикасының сұраныстары бойынша жыл сайын жоғары білікті кадрларды дайындайды. Бүгінгі таңда жетекші отандық ұйымдар, мекемелер, кәсіпорындармен тығыз ынтымақтастық қарым-қатынас орнатудамыз. Бұл байланыс жастардың болашақтарына деген тамаша мүмкіндік. Кәсіптік практикадан өту бойынша және жұмысқа орналасуға кең ауқамды ұсыныстар бар. Қазіргі уақытта білім берудің үш деңгейі (бакалавриат-магистратура-докторантура) бойынша мекемелермен 1200-ден астам кәсіптік практиканы өткізу туралы ынтымақтастық келісім-шарт жасалды. Биылғы оқу жылында университетімізді 6460 білім алушы, оның ішінде: бакалавриат бойынша – 4692 түлек, магистратура бойынша – 1408 түлек, докторантура бойынша – 361 түлек оқуды аяқтағалы отыр», - деді проректор.
Шараға 100-ден астам жұмыс берушілер (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығы, Ақан Құрманов атындағы № 17 мектеп-гимназия, Республикалық физика-математикалық мектеб, Жоғары аудиторлық палата , Қазақстан стандарттау және метрология институты, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университеті, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы, «С. М. Киров атындағы зауыт» ) 2000-нан астам студенттер қатысты.
