
Еркін диалог: ЕҰУ-да проректор мен Старосталар кеңесінің кездесуінде оқу сапасы талқыланды










Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Басқарма мүшесі – сапаны қамтамасыз ету және ішкі бақылау жөніндегі проректоры Индира Рыстина университеттің студенттік белсенділігіндегі маңызды буын – Старосталар кеңесімен ашық әрі конструктивті кездесу өткізді.
Диалогтың басты мақсаты – студенттердің пікірін тікелей тыңдап, оқу үрдісіндегі өзекті мәселелерді талқылау және білім беру сапасын одан әрі жақсарту бағыттарын айқындау.
«Біз шын мәнінде жоғары сапалы оқытуды қамтамасыз ету, нақты қиындықтарды көру және дамудың одан әрі бағыттарын бірге анықтау жолдарын талқылау үшін жиналдық. Бүгінде сіздер оқу үдерісінің барлық кезеңдерінен өтудесіздер, ал ертең осы білімді кәсіби қызметте қолданатын да – сіздер. Сондықтан сіздердің көзқарастарыңыз бен кері байланыстарыңыз біз үшін аса маңызды», – деп атап өтті проректор.
Индира Рыстина мұндай кездесулер университет басшылығы мен студенттік қауымдастық арасындағы өзара әрекеттестіктің тұрақты тәжірибесіне айналып келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, тұрақты диалог туындаған мәселелерге жедел әрекет етуге, сенімді нығайтуға және білім беру ортасын дамытуда бірлескен, келісілген тәсілді қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Старосталар кеңесінің төрағасы, Физика-техникалық ғылымдар институтының 4-курс студенті Айдана Әдібай Кеңестің қазіргі жұмысы туралы баяндап, оның сапалы оқу үдерісін қолдаудағы маңызды рөлін атап өтті.
Старосталар кеңесі студенттер мен әкімшілік арасындағы дер кезінде коммуникацияны қамтамасыз етіп, оқу тәртібі, сабаққа қатысу, үлгерім мәселелерін қадағалайды, сондай-ақ студенттік топтардың қажеттіліктерін ескеруге көмектеседі. Бұл жұмыс туындаған қиындықтарды жедел анықтап, оларды университеттің тиісті бөлімдеріне жеткізуге мүмкіндік береді.
Кездесу барысында факультет өкілдері назар аударуды қажет ететін бірқатар мәселені көтерді. Олардың қатарында МОК-та сабақ өткізу ерекшеліктері, оқыту тілін таңдау, сондай-ақ оқу уақытында студенттердің қатысуымен өтетін іс-шараларды ұйымдастыру мәселелері бар.
Студенттер сонымен қатар университеттің цифрлық ресурстарын жаңғырту және тиімді пайдалану жөнінде ұсыныстар енгізді. Атап айтқанда, білім беру платформаларының жұмысын оңтайландыру және олардың интеграциясын жақсарту арқылы бағалаудың ашықтығы мен сапасын арттыру идеялары сөз болды.
Диалог ашық, сенімді атмосферада өтті. Айтылған ескертулер мен бастамалар ЕҰУ-да оқу үдерісін жетілдіруге бағытталған алдағы жұмыстың негізіне айналмақ.
