
ЕҰУ-де «Экологиялық оазис» атты жаңа кеңістік ашылды
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Экологиялық оазис» атты жаңа қоғамдық кеңістіктің ресми ашылуы өтті. Шараға университеттің студенттері, қызметкерлері, профессорлық-оқытушылық құрамы және қонақтар қатысты.
Ашылу рәсіміне ЕҰУ Басқармасының мүшелері - стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Думан Айтмағамбетов, әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректор Ләззат Төлегенқызы, сапаны қамтамасыз ету және ішкі бақылау жөніндегі проректор Индира Рыстина қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
«Экологиялық оазис» - 2025 жылға арналған Басқарма бекіткен 26 университеттік бастамалар тізіміне енгізілген стратегиялық даму департаментінің жобасы. Департамент қызметкерлері ұсынған идея әртүрлі бөлімдердің мамандарын біріктіріп, кросс-функционалды команданың қалыптасуына мүмкіндік берді.
Жоба қосымша қаржыландырусыз, кампус кеңістігін жақсартуға ынталы, шығармашыл және белсенді қызметкерлердің бастамасы мен еңбегінің арқасында жүзеге асырылды.
Ашу рәсімінде қонақтарға «Экологиялық оазистің» алғашқы көшеттерден бастап дайын кеңістікке дейінгі қалыптасу кезеңдерін көрсететін бейнеролик ұсынылды. Сонымен қатар экологиялық және цифрлық шешімдер таныстырылды: өсімдіктер мен тұрақты даму қағидаттары туралы ақпаратты қамтитын оқу мақсатындағы лендинг, әрбір өсімдікке орнатылған QR-кодтар арқылы ақпаратқа жедел қол жеткізу мүмкіндігі және суды ұтымды пайдалануды көрнекі түрде көрсететін тамшылатып суару үлгісі.
Осылайша, бұл кеңістік тек сәндік немесе демалыс аймағы ғана емес, сонымен қатар экологиялық ағартуға бағытталған маңызды оқу-практикалық құрал болып табылады.
Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Думан Айтмағамбетов өз сөзінде:
«Бұл жоба қызметкерлердің өз бастамасымен ұсынылған идеяның кампусты өзгертетін толыққанды кеңістікке айнала алатынын көрсетеді. Команда қандай да бір нұсқауды күтпей, университетті жақсартуды өздері қолға алды. Мұндай жасыл аймақтар көп болуы керек, ал «Экологиялық оази»“ осындай кеңістіктерді кампустың кез келген бөлігінде жасауға болатынын дәлелдеп отыр».
Шара соңында жоба тобы символдық кілтті Инфрақұрылымды дамыту департаментінің директоры Ермек Алиевке табыстады. Бұл қадам жобаның жаңа кезеңге - жүйелі қолдау, кеңейту және кампустың басқа бөліктерінде ұқсас жасыл аймақтар құру бағытына өткенін білдіреді.
