
ЕҰУ Италияның Eni компаниясымен ынтымақтастықты дамытады
Еуразия ұлттық университетіне «Plenitude Kazakhstan» компаниясының басқарушы директоры Федерико Пульезе мен «Plenitude Kazakhstan» құбыр инфрақұрылымын дамыту бөлімінің жетекшісі Сабина Айназарова және Agip Karachaganak энергетикалық нарықтар бойынша жетекші сарапшысы Саида Каланова келді.
Айта кетейік, «Plenitude Kazakhstan» – Eni компаниясының жаңартылатын энергия және декарбонизация бағытындағы еншілес ұйымы. Компания Қазақстандағы алғашқы жеке қаржыландырылған жел электр станцияларын іске қосқан және қуаты 200 МВт-тан асатын күн және жел жобаларын жүзеге асырып келеді. Бұл өз кезегінде, қоршаған ортаны ластамай, электр қуатын өндіруге мүмкіндік береді.
Қонақтарды Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Думан Айтмағамбетов, сондай-ақ университеттің профессор-оқытушылары қарсы алды.
Ерлан Сыдықов құттықтау сөз барысында ЕҰУ білім беру және ғылыми зерттеулер саласындағы келісімдер мен меморандумдар шеңберінде баламалы энергия өндірумен айналысатын халықаралық энергетикалық компаниялармен ынтымақтасатынын атап өтті.
«2024 жылдан бастап ЕҰУ Eni компаниясымен және Eni Корпоративтік университетімен бірлесіп «Green energy technologies» жаңа магистрлік бағдарламасын іске қосты. Бұл бастама еліміздің «жасыл экономикаға» көшу міндеттеріне қуатты серпін береді. Біздің ынтымақтастығымыз ғылыми әлеуетті арттыруға, білікті мамандар даярлауға және «жасыл» технологияларды трансферлеуге жаңа мүмкіндіктер ашады. Зерттеу, білім беру және өнеркәсіптік кооперация арқылы елдеріміздің тұрақты экономикалық өсіміне елеулі үлес қоса алатынымызға сенімдімін», - деп атап өтті ректор Ерлан Сыдықов.
Өз кезегінде «Plenitude Kazakhstan» компаниясының басқарушы директоры Федерико Пульезе нақты қадамдарға көшу туралы шешім қабылдағанын және Еуразия ұлттық университетімен жаңартылатын энергия көздері аясындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары бойынша қосымша келісімге қол қоятындықтарын жеткізді. Сонымен қатар жел және күн энергиясын өндірудің инженерлік ерекшеліктері, компанияның жергілікті кадрларды даярлау тәжірибесі мен жасыл экономикадағы мансаптық мүмкіндіктер туралы және ағылшын тілінде білім алу болашақ инженерлердің халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік беретінін айтты.
«Біз Ақтөбе, Түркістан, Маңғыстау облыстарындағы жұмыстарымызды аяқтадық және ЕҰУ-мен энергетика саласындағы ғылыми-экономикалық байланыстарды жаңартылатын энергия көздері арқылы анықтауды шештік. Бұл орайда екі жақтың ғалымдары мен сарапшылары бірлесіп, ғылыми зерттеулер жүргізудің маңызы зор. Әсіресе, жаңартылатын энергия көздері аясындағы ынтымақтастықты дамыту қажет», - деп атап өтті «Plenitude Kazakhstan» компаниясының басшысы.
Кездесуде ЕҰУ жылуэнергетика кафедрасының профессоры Гүлнар Мерзадинова қолданбалы зерттеулер мен пилоттық сынақтардың пәнаралық орталығын құру туралы бастаманы таныстырды. Профессордың айтуынша, бұл орталық бірнеше негізгі бағыттарды біріктіреді: жаңартылатын энергетика, жылу энергетикасы, жану үдерістері, көмірсутек шикізаты мен кендерді өңдеу технологиялары. Сонымен қатар, бакалаврлар мен магистранттарға кәсіби дайындық жүргізу; жаңартылатын энергия жүйелері мен гибридті желілер саласындағы зерттеулер мен әзірлемелерді қолдау; жылу электр станциялары, жылу желілері және жаңартылатын энергетика жобалары үшін білікті мамандар даярлау орталықтың негізгі мақсаттарына кіреді.
«Біздің негізгі зерттеу бағыттарымыз жаңартылатын энергетика (күн, жел, био, гидроэнергетика); энергия үнемдеу және жылу энергетикасы; «жасыл» металлургия және шикізатты қайта өңдеу; сутек энергетикасы және CO₂ технологиялары; цифрлық энергия жүйелері және жасанды интеллектіні қамтиды», - деді ғалым.
Кездесу барысында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен «Plenitude Kazakhstan» компаниясы және Eni Corporate university жаңартылатын энергия көздері аясындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары бойынша Қосымша келісімге қол қойды.
Сондай-ақ тараптар осы жобаның әлеуеті мен оның мүмкін болатын дамуы туралы сөз қозғап, ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылады.
