
ЕҰУ-да үздіктер марапатталды













«Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Ғылыми кеңесінің 2025–2026 оқу жылындағы қорытынды отырысы өтті. Жиын барысында университеттің цифрлық трансформациясы мен инновациялық дамуының негізгі бағыттары талқыланды.
Атап айтқанда, білім беру мен ғылым саласындағы заманауи үрдістерді енгізуге бағытталған Лу Бань шеберханасы мен AI-SANA жобаларын іске асыру, сондай-ақ әлеуметтік-мәдени жұмыстардың нәтижелері қаралды. Бұл бастамалар университеттің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.
Отырыс барысында университеттің дамуына үлес қосқан бірқатар қызметкерлер марапатталды. Ғылыми кітапхана директоры Бақытжан Оразалиев «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Экономика және кәсіпкерлік» кафедрасының профессоры Айгүл Майдырова «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Кәсіподақ комитетінің төрағасы Бәкіжан Сейдеш «Лев Гумилев» медалімен, «Химия» кафедрасының профессоры Сәуле Досмағамбетова «Күлтегін» медалімен марапатталды.
Жиын қорытындысында ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов марапат иелерін құттықтап, Ғылыми кеңес мүшелеріне 2025–2026 оқу жылында атқарған жұмыстары мен белсенді қызметтері үшін алғыс білдірді.
