
«Денсаулық және сергектік – 2026» спартакиадасы басталды
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қызметкерлер мен профессор-оқытушылар құрамы арасындағы дәстүрлі «Денсаулық және сергектік – 2026» спартакиадасының ашылуы «University Sports Centre» спорт кешенінде өтті.
Аталған спорттық шараның басты мақсаты – жоғары оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері арасында спорттық-сауықтыру іс-шараларын дамыту, дене тәрбиесі мен спортты кеңінен насихаттау, сондай-ақ ұжым арасында бірлік пен салауатты өмір салтын қалыптастыру.
Спартакиадаға спорттың 9 түрі бойынша (шахмат, футзал, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, киберспорт, дартс, асық ату, волейбол және баскетбол) 13 факультет, ЕҰУ колледжі, Әкімшілік департаменті және Әскери кафедра атынан барлығы 16 команда қатысуда.
Ашылу рәсімінде ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов құттықтау сөз сөйлеп, елімізде дене шынықтыру мен спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
«Мемлекетімізде дене шынықтыру мен спортты дамытуға ерекше мән беріліп келеді. Осы бағытта Еуразия ұлттық университетінде де жүйелі жұмыстар атқарылуда. Университетте қызметкерлерге арналған фитнес клуб тұрақты жұмыс істейді. Қазіргі таңда екі тренажер залы, бассейн және аэробика залдары қызмет көрсетуде. Мұндай инфрақұрылым ұжым мүшелерінің белсенділігін арттырып, еңбек өнімділігіне оң әсер етеді. «Денсаулық және сергектік» спартакиадасы – ұжымдағы бірлікті нығайтатын, спорт арқылы ынтымақ пен өзара түсіністікті арттыратын маңызды алаң. Барша қатысушыларға сәттілік тілей отырып, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне тілектеспін», - деді ректор.
Айта кетейік, 2025 жылы ЕҰУ студенттік футбол құрамасы «Qazaqstan Student League» республикалық турнирінде жеңіске жетіп, еліміздегі үздік студенттік командалардың бірі екенін дәлелдеді. Аталған жетістіктің нәтижесінде студенттер Қазақстан Республикасының намысын Біріккен Араб Әмірліктерінде өтетін халықаралық турнирде қорғайды. Сонымен қатар, Астана қаласында өткен қалалық Универсиадада ЕҰУ студенттері жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленіп, өзге де жарыстарда тұрақты түрде жүлделі орындарға қол жеткізіп келеді. Бұл жетістіктер Еуразия ұлттық университетінің спортты қолдауды басым бағыттардың бірі ретінде айқындағанын көрсетеді.
Спартакиада 17 қаңтар күні өз мәресіне жетеді. Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар дипломдармен, кубоктармен және медальдармен марапатталады.
