
ЕҰУ ISO 14001:2016 сәйкестік сертификатын алды



Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университеті экологиялық менеджмент жүйесін сертификаттау рәсімін сәтті аяқтап, СТ РК ISO 14001:2016 халықаралық стандартының талаптарына сәйкестік сертификатын алды.
Сертификаттау аудиті процесін ұйымдастырушылық сүйемелдеуді Тұрақты даму орталығы жүзеге асырды, аудитке дайындық пен оны өткізу барысында университеттің құрылымдық бөлімшелерінің өзара іс-қимылын үйлестіруді қамтамасыз етті.
Сертификаттау аудитін «Capital Management» ЖШС сертификаттау органы екі кезеңде жүргізді. Бірінші кезеңде экологиялық менеджмент жүйесінің құжаттамасына талдау жасалып, университеттің «орнында» аудит өткізуге дайындық деңгейі бағаланды. Нәтижесінде екінші кезеңнен өтуге кедергі келтіретін сәйкессіздіктер анықталған жоқ.
Сертификаттау аудитінің екінші кезеңі 2025 жылғы 27 қараша мен 5 желтоқсан аралығында өтті және университет басшылығы мен қызметкерлерімен сұхбат жүргізуді, құжаттарды талдауды, сондай-ақ құрылымдық бөлімшелердегі процестер мен операциялардың жұмысын бақылауды қамтыды. Аудит барысында экологиялық аспектілерді басқару, заңнамалық және өзге де міндетті талаптарды сақтау, тәуекелдер мен мүмкіндіктерді басқару, ішкі аудиттер мен түзету әрекеттері бағаланды.
Аудит қорытындысы бойынша университеттің экологиялық менеджмент жүйесі ISO 14001:2016 стандартының талаптарына толық сәйкес келетіні, тиімді жұмыс істейтіні және экологиялық көрсеткіштерді тұрақты жақсартуға бағытталғаны анықталды. Маңызды және елеусіз сәйкессіздіктер тіркелген жоқ.
Аталған сертификатты алу Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінің тұрақты даму қағидаттарына, экологиялық жауапкершілікке және білім беру мен әкімшілік қызметте халықаралық басқару стандарттарын енгізуге бейілділігін растайды.
