
ЕҰУ Директорлар кеңесі университеттің даму басымдықтарын айқындады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Директорлар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Оның төрағасы Дархан МЫҢБАЙ мемлекет басшысының отандық ғылым саласына қатысты айтқан ойлары мен сын-ескертпелеріне арнайы тоқталып, жоғары оқу орындарының мақсаты мен міндеттерін жетілдіре түсуге назар аударды.
Кеңестің әрбір отырысы – жай ғана кезекті жиналыс емес, университеттің есебі мен алдағы қадамдарын қызу талқылайтын, нақтылайтын стратегиялық алаң болуға тиіс. Күн тәртібіне енгізілген алты маңызды мәселенің әрқайсысы университеттің болашағына тікелей әсер ететін өзекті бағыттарды қамтыды.
Кеңес барысында университеттің 2025 жылға арналған даму стратегиясының іске асырылу нәтижелері талқыланды. Ұсынылған есеп ЕҰУ-дың жоспарлы дамып келе жатқанын, белгіленген мақсаттардың кезең-кезеңімен орындалып жатқанын көрсетті. Бұл – жүйелі басқару мен нақты стратегиялық бағыттың және бақылаудың нәтижесі.
Сонымен қатар, білім беру сапасы мен қолжетімділігіне тікелей әсер ететін маңызды шешімдердің бірі – 2026–2027 оқу жылына арналған оқу ақысының мөлшерін бекіту болды. Директорлар кеңесі бұл мәселені жан-жақты қарастырып, білім беру бағдарламалары бойынша жаңа тарифтерді бекітті. Бұл шешім университеттің қаржылық тұрақтылығын сақтай отырып, білім беру сапасын арттыруға бағытталған.
Отырыста корпоративтік басқаруды жетілдіруге де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, сыртқы қаржылық аудитті тарту саясаты бекітіліп, университет қызметінің ашықтығы мен есептілігін күшейтуге нақты қадам жасалды. Бұл – заманауи басқару талаптарына сай келетін маңызды бастама.
Жалпы алғанда, Директорлар кеңесінің отырысында қаралған және қабылданған өзге де шешімдер Еуразия ұлттық университетінің стратегиялық дамуын жаңа деңгейге көтеріп, оның қаржылық тұрақтылығы мен басқару тиімділігін одан әрі нығайтуға негіз қалайды.
