
ЕҰУ қызметкерлері жоғары марапатқа ие болды

Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кеңесінің отырысы барысында бірқатар қызметкерлер жоғары мемлекеттік және ведомстволық марапаттарға ие болды.
Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасын сапалы әзірлеуге елеулі үлес қосқаны, оны қабылдау бойынша республикалық референдумды ұйымдастыру және өткізуге қатысқаны, сондай-ақ ел болашағы үшін маңызды қоғамдық-саяси оқиғаға белсенді атсалысқаны үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен төмендегі қызметкерлер марапатталды: ЕҰУ академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай, сапаны қамтамасыз ету және ішкі бақылау жөніндегі проректор Индира Рыстина, әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректор Ләззат Төлегенқызы, әлеуметтік және азаматтық даму департаментінің директоры Жамбыл Тілеп, осы департамент директорының орынбасары Еркебұлан Нұғыманов.
«Қазақстан жоғары мектебінің еңбек сіңірген қайраткері» төсбелгісімен ҚР ҰҒА академигі, биология ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жалпы биология және геномика кафедрасының құрметті меңгерушісі Рахметқажы Берсімбай марапатталды.
«ҚР экономика саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі «Қаржы» кафедрасының профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты, PhD докторы Ботагөз Сапароваға табысталды.
«ҚР ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі «Жылуэнергетика» кафедрасының профессор-практигі, техника ғылымдарының докторы Гүлнар Мерзадиноваға берілді.
Осы аталған төсбелгімен «Медиакоммуникация және қоғаммен байланыс» кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Ұлболсын Есенбекова да марапатталды.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатымен практикалық қазақ тілі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Саягүл Қарыбаева және қазақ тіл білімі кафедрасының PhD докторы, қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы Шынар Саликжанова марапатталды.
Барлық марапаттарды ЕҰУ қызметкерлеріне университеттің басқарма төрағасы – ректоры Ерлан Сыдықов табыстады.
Отырыс барысында ректор сондай-ақ заң факультетінің деканы, Ғылыми кеңес мүшесі Бауыржан Сматлаевты 65 жас мерейтойымен құттықтап, оған «Күлтегін» төсбелгісін тапсырды. Мерейтой иесіне ведомстволық марапаттарды ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан мен ҚР прокуратура органдары ардагерлерінің қоғамдық бірлестігінің төрағасы, генерал Әділхан Асет табыстады.
Қорытындысында 2025 жылға арналған операциялық жоспарды орындау нәтижелері бойынша факультеттер, институттар және жоғары мектептер арасында үздік деп танылған Физика-техникалық ғылымдар институтына «Еуразия мақтанышы» атағы берілді.
