
ЕҰУ-да Gemini Academy оқу курсы өтті







Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында генеративті жасанды интеллекттің негізгі құралдарының бірі - Gemini жүйесіне арналған Gemini Academy оқу курсы өтті.
Іс-шараның ашылуында Цифрландыру жөніндегі проректор - Цифрлық офицер Гүлмира Бекманова сөз сөйледі. Өз сөзінде ол Google Workspace for Education бағдарламасын енгізу және осындай оқыту курстарын өткізу ЕҰУ-ді AI-Enabled University форматына көшіру жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті. Бұл модельде жасанды интеллект білім беру ортасының ажырамас бөлігіне айналады.
Университет пен Google компаниясының өкілдері арасында жасалған меморандум аясында университетте Google Workspace for Education бағдарламасы енгізілуде. Барлық оқытушыларға, қызметкерлерге және білім алушыларға Google сервистеріне корпоративтік қолжетімділік ұсынылды. Бұл білім беру үдерісін ұйымдастыруға, бірлескен жұмысқа және заманауи цифрлық құралдарды қолдануға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Курс барысында қатысушылар жасанды интеллект технологияларын білім беру саласында қолдану мүмкіндіктерімен танысып, оқу материалдарын дайындау, мәтіндермен жұмыс істеу, презентациялар әзірлеу және студенттермен кері байланыс ұйымдастыруға арналған практикалық құралдарды қарастырды. Сонымен қатар, промпт-инжиниринг мәселелеріне және NotebookLM құралын қолдануға ерекше назар аударылды. Бұл құрал оқу-әдістемелік материалдарды тиімді талдауға, жүйелеуге және пайдалануға мүмкіндік береді.
Оқытуды STEM Solutions компаниясының оқыту және әдістеме жөніндегі жетекшісі, Google компаниясының сертификатталған маманы Бегайым Мұрат жүргізді.
27 сәуірден кейін осындай оқу курсын университет студенттері үшін де ұйымдастыру жоспарлануда. Бұл академиялық ортада цифрлық құзыреттердің бірыңғай деңгейін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Google сервистеріне корпоративтік қолжетімділік әлі берілмеген оқытушылар, қызметкерлер және білім алушылар үшін қосылу нұсқаулығы келесі сілтеме бойынша қолжетімді:
https://www.instagram.com/reel/DW9a3llCALl/?igsh=MWNzaDF0b3RiZHpxMQ==
