
Қазақстанның 58 жоғары оқу орнынан 800-ден астам студент ЕҰУ-да XVIII республикалық олимпиадаға жиналды











Қазақстанның 58 жоғары оқу орнынан 800-ден астам студент Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтіп жатқан XVIII Республикалық студенттік пәндік олимпиадаға қатысуда. Ауқымды шара университеттің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылып отыр.
13 білім беру бағдарламасы бойынша өтетін олимпиада қатысушылардың білім деңгейі мен практикалық дағдыларын бағалауға, сондай-ақ жоғары оқу орындары арасындағы академиялық байланыстарды нығайтуға бағытталған. Үш күн бойы студенттер командалық және жеке форматта өзара бақ сынайды.
Ашылу салтанатында ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов пен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлжан Жарасова сөз сөйледі.
«Олимпиада еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған дарынды студенттердің басын қосып, олардың кәсіби және зияткерлік әлеуетін көрсетуге мүмкіндік береді. Бүгінгі жастар – еліміздің болашағы, сондықтан мұндай шаралар білім деңгейін арттырумен қатар, ғылымға деген қызығушылықты қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Қатысушылардың жоғары дайындық деңгейі мен белсенділігі Қазақстандағы жоғары білім сапасының артып келе жатқанын көрсетеді», – деді Гүлжан Жарасова.
ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов республикалық пәндік олимпиаданың университет базасында өтуі оқу орны үшін үлкен жауапкершілік әрі мәртебе екенін атап өтті.
«Бұл дода-– студенттердің білімін, тәжірибесін және академиялық мәдениетін сынға салатын алаң. Олимпиада – инновациялық бағыттардың көрінісі әрі болашақ ғалымдар мен мамандарды қалыптастыруға жол ашады. Сіздерден әділ бәсеке, мәдениет, тәртіп және жауапкершілік күтеміз», – деді ректор.
Қатысушылар олимпиаданың өздері үшін маңызды тәжірибе болғанын және жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Олар әрбір қатысушыға өз білімін толық көрсетуге мүмкіндік берілгенін, сондай-ақ тапсырмалардың күрделі әрі қызықты болғанын, тек теориялық білімді ғана емес, практикалық дағдыларды да тексергенін жеткізді.
«Мұндай олимпиадалар кәсіби дамуға үлкен серпін береді. Басқа университеттердің студенттерімен танысып, тәжірибе алмасу біз үшін өте пайдалы. Жалпы, бұл жарыс бізге жаңа мотивация беріп, болашақта өз саламызда одан әрі жетілуге ынталандырды», - деді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті.
Олимпиада қорытындысы бойынша жоғары білім деңгейін, шығармашылық қабілетін және өз білімін сенімді көрсете білген талантты студенттер I, II және III дәрежелі дипломдармен марапатталады. Сондай-ақ жеңімпаздар мен жүлдегерлерді көптеп даярлаған жоғары оқу орындарына ерекше назар аударылады. Сонымен қатар университет оқытушылары мен жетекші ғалымдар кәсіби шеберлігі мен студенттердің жоғары нәтижелерге жетуіне қосқан үлесі үшін алғыс хаттармен марапатталады.
