
ЕҰУ мен ОшМУ филологиялық білім беру саласындағы әріптестікті нығайтуда









Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында Ош мемлекеттік университеті өкілдерімен халықаралық ынтымақтастықты дамыту аясында кездесуі өтті.
Ош мемлекеттік университетінің делегациясы ЕҰУ-дың орыс филологиясы кафедрасымен бірлескен білім беру жобаларын іске асыру барысын талқылау мақсатында келді. Талқылау кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кадиша Нұрғалидың жетекшілігімен өтті.
Делегация құрамында филология ғылымдарының кандидаты, доцент Диларам Мадаминова, аға оқытушылар Суйумкан Абдраманова және Майрамкан Курбаналиева болды.
Кездесудің негізгі мақсаты ө 2026-2027 оқу жылына арналған бакалавриат және магистратура деңгейлері бойынша «Орыс тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламаларының мазмұнын талқылау және келісу болды. Әсіресе, студенттерге халықаралық деңгейде сапалы білім алуға мүмкіндік беретін қос диплом бағдарламаларын жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында тараптар ғылыми-білім беру ынтымақтастығын одан әрі дамыту перспективаларын, соның ішінде бірлескен жобаларды жүзеге асыру, оқытушылар алмасу және халықаралық ғылыми бастамаларға қатысу бағыттарын қарастырды.
Кездесу аясында мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға да ерекше мән берілді. ЕҰУ жанындағы Қырғыз тілі мен мәдениеті орталығына Қырғыз Республикасының ұлттық мәдениетін бейнелейтін дәстүрлі және көркем бұйымдар тарту етілді.
Аталған кездесу екі университет арасындағы серіктестікті тереңдетуге және бірлескен білім беру бастамаларын жүзеге асыруға деген өзара қызығушылықты айқындап, халықаралық деңгейде филологиялық білім беруді дамытуға ықпал ететін маңызды қадам болды.
