
Цифрлық ғылымдар және жасанды интеллект институты киберқауіпсіздік индустриясымен ынтымақтастықты күшейтуде

Цифрлық ғылымдар және жасанды интеллект институтының (IDSAI) базасында «Гамма технологиялар ҒЗЗ» ЖШС басшылығымен жұмыс кездесуі өтті. «Гамма технологиялар ҒЗЗ» ЖШС ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарын (АКҚҚ) әзірлеу бойынша жетекші отандық кәсіпорын болып табылады және ақпараттық қауіпсіздік саласында кешенді шешімдер ұсынады.
Ынтымақтастықтың маңызды бағыты ретінде еңбек нарығының заманауи талаптары мен салалық сұраныстарды ескере отырып, Институттың білім беру бағдарламаларына жаңа оқу пәндері мен элективті курстарды енгізу мәселесі қаралды. «Гамма технологиялар ҒЗЗ» ЖШС өкілдері білім беру бағдарламаларын, пәндердің силлабустарын және басқа да оқу-әдістемелік құжаттарды әзірлеуге, сараптауға және жетілдіруге белсенді қатысатын болады. Сондай-ақ кездесу барысында бірлескен оқу-әдістемелік және ғылыми еңбектерді, соның ішінде әдістемелік нұсқауларды, оқу құралдарын, монографиялар мен практикумдарды дайындап, басып шығару келешегі талқыланды.
Ерекше назар кадрлардың біліктілігін арттыруға және кәсіби даярлау сапасын жақсартуға аударылды. Келісімдер аясында кәсіпорын мамандары дипломдық жобаларға, магистрлік және докторлық зерттеулерге жетекшілік етуге тартылады. Студенттер мен оқытушылар үшін «Гамма технологиялар ҒЗЗ» ЖШС базасында кәсіби, зерттеу және диплом алдындағы практикаларды, сондай-ақ тағылымдамалар мен біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру туралы шешім қабылданды.
Бұл өзара іс-қимыл түлектерді жұмысқа орналастыруға жәрдемдесуге және жұмыс берушілермен практикаға бағытталған байланысты кеңейтуге мүмкіндік береді.
