
ЕҰУ түлектері жетістік тарихтары мен студенттік жылдардағы естеліктерімен бөлісті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «ЕҰУ - өрлеудің өнегелі жолы» атты бейнероликтің көрсетілімі өтті. Тағылымды кеш университеттің 30 жылдығына арналған білім мен тәлім сабақтастығы: университеттің қалыптасу жолы мен түлектер жетістігін насихаттауға арналды.
Кештің шымылдығын академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай ашып, университеттің білім мен ғылым саласындағы орнына тоқталды. Ол өз сөзінде ЕҰУ-дың ел дамуына үлес қосып жүрген білікті мамандар даярлаудағы маңызын атап өтті.
«Түлек - университеттің ең үлкен мақтанышы.Уақыт өткен сайын білім ордасының абыройы оның қабырғасынан түлеп ұшқан азаматтарының жетістігімен айқындалады.
Бүгін біз Еуразия ұлттық университетінің әр жылдардағы түлектерін бір ортаға тоғыстырған тағылымы мол, мәні терең кездесуде бас қосып отырмыз.Бұл - тек жүздесу кеші емес, бұл - өткенге құрмет, бүгінге ризашылық және болашаққа сенім.
Еуразия қабырғасында алған білім мен тәрбие сіздерді үлкен өмірге жетелеп, әрқайсыңызды өз салаларыңызда биік белестерге шығарды деп сенемін.Бүгінде университет түлектері еліміздің түрлі саласында абыройлы еңбек етіп, ел дамуына өз үлестерін қосып келеді.Осындай мазмұнды кездесулер ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, жастарға үлкен серпін береді», - деп атап өтті проректор.
Іс-шара барысында университет түлектерінің еңбек жолы, жетістіктері мен оқу ордасы жайлы естеліктері қамтылған арнайы бейнеролик көрермен назарына ұсынылды. Бейнероликте ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ЕҰУ стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Думан Айтмағамбетов және айтыскер ақын Айбек Қалиев, белгілі журналистер Алмас Байдрахман, Фархат Қаналы, Әскербек Қияс университеттің өз өмірлеріндегі орны мен білім ордасында өткен жылдар туралы естеліктерімен бөлісті.
«Еуразия ұлттық университетінің орны мен үшін ерекше. Өйткені жақсы достар таптым, өмірлік жарымды осында жолықтырдым және ЕҰУ менің мансабыма жол ашты», - деді министр бейнеролик арқылы жолдаған естелігінде.
Сонымен қатар, университет түлегі Әлия Темірболат өз сөзінде университетке деген ерекше ризашылығын білдіріп, білім жолында бағыт-бағдар берген ұстаздарына алғысын айтты. Ол ЕҰУ-да алған білім мен тәлімнің кәсіби қалыптасуына үлкен әсер еткенін атап өтті.
«ЕҰУ маған тек сапалы білім ғана емес, өмірлік тәжірибе мен үлкен орта сыйлады. Әсіресе ұстазым, психология ғылымдарының докторы, профессор Фатима Жұмабекова әрдайым қолдау көрсетіп, үлкен сенім артты. Сол ұстазымның жетекшілігі мен ақыл-кеңесінің арқасында мен өз жолымды таба алдым», - деді ол.
Кеш барысында қатысушылар ЕҰУ-дың тарихы мен рухани құндылықтарын дәріптеген әсерлі сәттердің куәсі болды. Тағылымды шара студенттер мен түлектер арасындағы байланысты нығайтып, жастарға мотивация сыйлаған мазмұнды кешке айналды.
Кеш соңында бүгінгі шараның ұйымдастырылуына үлес қосқан Ақпараттық орталыққа, Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебіне, Академиялық мәселелер жөніндегі департаменттің Карьера және бизнес-әріптестігі бөліміне ерекше алғыс білдірді.
