
Қазақ лингвистикасы кафедрасының профессоры Гүлнар Сәрсеке Суррей университетінің ғалымдарымен бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізді

«Цифрлық гуманитарлық ғылымдар: академиялық қазақ тілінің корпусын әзірлеу» ғылыми жобасын жүзеге асыру аясында жоба жетекшісі ф.ғ.к., доцент, қазақ тіл білімі кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гүлнәр Сәрсеке Англияның Суррей университетінің ғалымдарымен бірлесе ғылыми зерттеулер жүргізді
Ғалым Гүлнәр Сәрсеке Суррей морфология тобының жетекшісі, профессор Эрих Раундтың шақыртуымен 2026 жылдың 11-19 мамыр аралығында “Суррей морфология тобының” зерттеушілерімен бірлескен ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Суррей Морфология тобы (Surrey Morphology Group) - тілдің әртүрлілігін және оның теориялық салдарларын зерттеуге арналған лингвистикалық зерттеу орталығы. Бұл орталықтың ғалымдары 50 тілдегі тілдік өзгерістердің мысалдарының цифрлық репозоторийін жасаған. Суррей морфология тобының зерттеушілері Дағыстан, Ото-Манг, Славян, Атлантикалық, Папуа және Тибет-Бирма тілдері бойынша далалық жұмыстарды қоса алғанда, барлық құрлықтарда қолданылатын тілдерді талдаған. Олар әлемнің көптеген тілдеріндегі тілдік құбылыстардың кең ауқымын қамтитын бірнеше сандық тілдік ресурстар мен еркін қолжетімді типологиялық дерекқорлар жасаған. Сондай-ақ Суррей Морфология тобы теориялық морфология, типология және тілдік құжаттама мен сипаттама бойынша PhD зерттеулерін жүргізгісі келетін студенттерге бірегей мүмкіндік береді.
Ғылыми іссапар аясында жоба жетекшісі Гүлнәр Сәрсеке осы зерттеу орталығының ғылыми зерттеушісі ғылым докторы Дэвид Дьёрфимен кездесті. Дэвид Дьёрфи - түркі тілдері және шақ-аспект-модалдылық тақырыбы бойынша маман. Түркі тілдерінің маманы ретінде оның негізгі зерттеу саласы түрік, қазақ, өзбек және татар сияқты ескі және қазіргі тілдерге қатысты. Ол қазақ тіліндегі көмекші етістіктерді зерттеп, докторлық диссертация қорғаған. Кездесу барысында ғалым Гүлнәр Сәрсеке ғылыми жоба аясында әзірленген қазақ тілінің академиялық корпусын, соның ішінде корпустың аннотацияланған деректерін таныстырды. Аннотацияланған деректер қазақ тілінің академиялық дискурстағы лингвистикалық ерекшеліктерін ашуға және талдауға қажетті пайдалы ресурс болып табылады. Осы деректер негізінде шетелдік ғалыммен қазақ академиялық дискурсындағы көмекші етістіктер тақырыбында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізілді. Іссапардың әр күнінде жоба жетекшісі Гүлнәр Сәрсеке ғылым докторы Дэвид Дьёрфимен аннотацияланған деректер негізінде қазақ академиялық дискурсында қолданылатын көмекші етістіктерді анықтау, негізгі етістіктерін белгілеу, іріктеу және әр етістіктің көмекшілік қызметте жұмсалуын сынау бойынша ауқымды жұмыстар жасалды. Бірлескен ғылыми зерттеу нәтижесінде көмекші етістіктердің қолданысының статистикалық картинасы алынды. Жасалған зерттеу жұмысының нәтижелерін теориялық тұрғыдан негіздеу және оны жарыққа шығару жоспарланды. Бірлескен ғылыми зерттеу жұмыстары өнімді әрі пайдалы болды.
Ғылыми іссапар барысында жоба жетекшісі Гүлнәр Сәрсекеге компьютермен жабдықталған жұмыс кабинеті берілді және Суррей университетінің кітапханасы мен ресурстарын пайдалануға мүмкіндік берілді.
Суррей Морфология тобының жетекшісіне, ғалым Дэвид Дьёрфиге және орталықтың ғылыми қызметкерлер тобына ғылыми сапарды ұйымдастырғаны және ғылыми әріптестік орнатқаны үшін алғысымызды білдіреміз.
