
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры «Еуразиядағы тұрақты даму» атты II жоғары деңгейлі халықаралық конференцияда сөз сөйледі

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің басқарма төрағасы – ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов 2026 жылғы 29 мамырда Астанада өткен «Еуразиядағы тұрақты даму» атты жоғары деңгейлі II халықаралық конференцияда сөз сөйледі.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ және МГИМО ұйымдастырған конференцияға 10-нан астам елден мемлекеттік қайраткерлер, халықаралық сарапшылар мен академиялық қауымдастық өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру мәселелері талқыланып, 2030 жылдан кейінгі жаһандық дамудың болашақ бағыттарына қатысты идеялар мен ұсыныстар айтылды.
Конференцияның ашылуында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек форум қатысушыларына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Ерлан Сыдықов өз сөзінде тұрақты даму тек технологиялар, жасыл экономика немесе ESG күн тәртібі ғана емес, сонымен қатар болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік, адами капиталды, мәдениетті, білім мен тарихи жадты сақтау қабілеті екенін атап өтті.
«Қазіргі әлемге тек технологиялық инновациялар ғана емес, сонымен бірге адамгершілік бағдарлар да қажет. Бүгінде Еуразияның тұрақты дамудың жаһандық орталықтарының біріне айналуға толық мүмкіндігі бар. Ол үшін бізде ең бастысы – өркениеттердің өзара ықпалдасуының тарихи тәжірибесі, зор адами әлеует және әлемге ашық жас буын бар.
Осыған байланысты халықаралық университеттік ынтымақтастықтың рөлі ерекше арта түседі. Ғылыми зерттеулерді, академиялық ұтқырлықты, жасыл технологиялар, жасанды интеллект, су және климаттық қауіпсіздік, тұрақты инфрақұрылым және білім беруді цифрлық трансформациялау салаларындағы жобаларды бірлесіп дамыту қажет. Сол білім беру арқылы бейбітшілік, сенім және тұрақты даму мәдениеті қалыптасады», – деп атап өтті ЕҰУ ректоры.
Ерлан Сыдықов сөзінің соңында құндылықтарын сақтап, білім арқылы дамитын мемлекеттер ғана тұрақты бола алатынын ерекше атап өтті. Ол бұл миссияда университеттердің айрықша жауапкершілігін айта келіп, болашақ ұрпаққа Еуразияны бейбітшілік, мәдениет, ғылым және жасампаздық кеңістігі ретінде табыстауға шақырды.
Конференция барысында сондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, МГИМО ректоры Анатолий Торкунов, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев, БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, Ресей Федерациясы Президентінің Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі халықаралық ұйымдармен байланыс жөніндегі арнайы өкілі Борис Титов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов және басқа да тұлғалар сөз сөйледі.
Іс-шарада сөз алған МГИМО ректоры Анатолий Торкунов қазіргі заманғы сын-қатерлерді ескере отырып, әлемдік дамудың ұзақ мерзімді бағдарларын қалыптастыру қажеттігіне назар аударды. Оның айтуынша, халықаралық ынтымақтастықты нығайту, мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа форматтарын іздеу, сондай-ақ жаһандық саяси жүйенің трансформациясы жағдайында энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету ерекше өзектілікке ие болып отыр.
БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча өз сөзінде жаңа сын-қатерлерге бейімделу және заманауи әлем үшін тиімді шешімдер іздеу қажеттігіне ерекше тоқталды. Спикер қойылған мақсаттарға қол жеткізу және өмір сапасын жақсарту үшін бірлескен күш-жігердің маңыздылығын жеткізді.
Конференция аясында қатысушылар 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру қорытындыларын, кейінгі кезеңге арналған жаһандық күн тәртібін қалыптастыру перспективаларын, ТДМ жүйесіне төнетін қауіптер мен сын-қатерлерді, сондай-ақ тұрақты дамудың негізгі факторларының бірі ретіндегі энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін талқылады.
Талқылау қорытындысында қатысушылар халықаралық ынтымақтастықты күшейту, ғылым мен білімді дамыту және бүгінгі жаһандық мәселелерді бірлесіп шешудің маңыздылығын атап өтті.
