
ЕҰУ математикалық және компьютерлік моделдеу кафедрасының студенттері Мәскеуде Қазақстанды абыроймен таныстырды

«Gold Starts» командасы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті механика-математика факультетінің математикалық және компьютерлік моделдеу кафедрасының 3-курс студенттері құрамында Мәскеуде, Г.В. Плеханов атындағы Ресей экономикалық университеті базасында өткен статистика бойынша IV Халықаралық студенттік олимпиада-фестивалінде университеттің атын лайықты деңгейде таныстырды.
Команда құрамында Лейла Бельгибаева, Жұлдыз Мұхтар және Лаура Шайманова болды. Ғылыми жетекшілік қызметін кафедра доценті Гаухар Абденова атқарды.
Олимпиада қорытындысы бойынша студенттер «Кәсіби серпіліс үшін» және «Қазылар алқасының симпатиясы» номинациялары бойынша дипломдармен және сертификаттармен марапатталып, 6В05404 – «Статистика» білім беру бағдарламасы бойынша жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Сондай-ақ ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов пен команда жетекшісі Гаухар Абденоваға алғыс хаттар табысталды.
Команда жетістігі математикалық және компьютерлік моделдеу кафедрасында мамандар даярлау сапасының жоғары екенін және университеттің отандық білім мен ғылымды дамытуға қосқан үлесін дәлелдеді.
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі жанындағы Ұлттық статистика бюросына студенттердің осындай маңызды халықаралық байқауға қатысуына көрсеткен қолдауы мен мүмкіндік бергені үшін алғыс білдіреміз.
