
ЕҰУ-да шетел филологиясы саласы бойынша докторлық диссертация қорғалды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің шетел филологиясы бойынша PhD диссертацияларын қорғау жөніндегі диссертациялық кеңесінде 8D02310 - Шетел филологиясы білім беру бағдарламасының докторанты Даутбаева Құралай Белгібайқызының «Бағалау концептісінің лингвомәдени ерекшеліктерінің тілдік және дискурстық репрезентациясы (қазақ және ағылшын тілдері материалдары негізінде)» тақырыбындағы диссертациясының қорғалуы сәтті өтті.
Ұсынылған диссертацияның тақырыбы тіл және мәдениеттану бағытына байланысты өзектілігімен ерекшеленеді. Бағалау ұғымы күрделі сипатқа ие: бір жағынан - бұл қанық семантиканы білдіру категориясы, екінші жағынан - сөйлеудің прагматикалық қондырғысы, үшінші жағынан - психологиямен және тілдік белгілер мен сөз тіркестерінің когнитивтік мағыналарымен шектескен құбылыс. Бағалауыш бірліктердің модальдылығы аксиологиялық тәсілдерді қолдана отырып және коммуникативтік актінің персуазивтілігі тұрғысынан дискурста зерттеуді талап етеді.
Диссертациялық зерттеуде қазақ және ағылшын лингвомәдениеттеріндегі бағалау концептісінің теориялық және практикалық аспектілері қарастырылды. Когнитивтік, лингвомәдени және корпустық талдау негізінде бағалаудың тілдік репрезентациясының ұлттық-мәдени ерекшеліктері анықталды, оның аксиологиялық және прагматикалық сипаттамалары белгіленді, сондай-ақ қазақ және ағылшын тілдеріндегі жарнамалық дискурстағы бағалау бірліктерінің қызмет ету механизмдері ашылды.
Қорғау белсенді ғылыми пікірталас түрінде өтті. Диссертант жұмысын қазақ және ағылшын тілдерінде қорғады. Диссертациялық кеңес мүшелері, ресми рецензенттер және шетелдік ғалымдар зерттеу нәтижелеріне үлкен қызығушылық танытып, диссертантқа бағалау концептісінің тұжырымдалуы, зерттеу әдіснамасы, корпустық технологияларды қолдану және қазақ пен ағылшын тілдеріндегі бағалау мағыналарының репрезентациясы ерекшеліктеріне қатысты сұрақтарды екі тілде қойды. Барлық сұрақтарға мазмұнды және дәлелді жауаптар алынды, бұл докторанттың жоғары дайындық деңгейін және жүргізілген зерттеудің ғылыми маңыздылығын растады.
Диссертациялық кеңес мүшелері жұмыстың ғылыми жаңалығын, теориялық және практикалық маңыздылығын жоғары бағалады. Қорғау қорытындысы бойынша Құралай Даутбаеваға на 8D02310 - Шетел филологиясы білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін беру туралы бірауыздан шешім қабылданды.
