
ЕҰУ профессоры Арайлым Мұсағалиева Польша Сыртқы істер министрлігінің «Bene Merito» медалімен марапатталды

Польша Республикасының Қазақстандағы Елшісі Михал Лабенда Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданындағы Озёрное ауылында поляктардың Қазақстанға жер аударылуының 90 жылдығына арналған іс-шаралар аясында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Арайлым Мұсағалиеваға салтанатты түрде «Bene Merito» медалін табыстады.
Осы күні Қазақстанның киелі орындарының бірі саналатын Озёрное ауылында «Қазақстан халқына - поляктардың алғысы» атты ескерткіштің ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға Қазақстанға ресми сапармен келген Польша Республикасы Сенатының Маршалы (Төрағасы) Малгожата Кидава-Блоньска қатысты.
«Bene Merito» құрмет белгісі Польша Республикасының Сыртқы істер министрлігі тарапынан халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, Польша мен өзге мемлекеттер мен халықтар арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайтуға, сондай-ақ шетелде поляк мәдениеті мен тарихи мұрасын насихаттауға ерекше үлес қосқан тұлғаларға беріледі.
Польша Республикасының Елшілігінің ресми сайтында: «Марапат оның Қазақстандағы поляктар тарихын зерттеуге және поляк тарихи мұрасы туралы білімді кеңінен насихаттауға қосқан елеулі үлесін мойындау мақсатында берілді. Арайлым Мұсағалиева көптеген жылдар бойы Қазақстандағы поляк қауымдастығының тарихы мен тағдырына арналған жүйелі ғылыми зерттеулер жүргізіп келеді. Оның еңбектері поляк және қазақстандық тарихшылар үшін құнды ғылыми дерек көзі болып табылады әрі Польша мен Қазақстан арасындағы ғылыми ынтымақтастықтың дамуына ықпал етеді», – деп атап көрсетілген.
Бұл марапат – оның Қазақстандағы поляк қауымдастығының тарихын, поляктарды жер аударудың қайғылы беттерін, сондай-ақ этносаралық өзара іс-қимыл мен тарихи жадты сақтау мәселелерін зерттеуге бағытталған көпжылдық ғылыми-зерттеу қызметінің лайықты бағасы. Оның іргелі зерттеулерінің нәтижесінде ғылыми айналымға жер аударылған поляктардың тағдыры мен олардың Қазақстанның дамуына қосқан үлесін ашып көрсететін жаңа мұрағаттық құжаттар енгізілді.
