
ЕҰУ-да жаңа Конституцияның ғылыми-білім беру кеңістігін дамытудағы рөлі талқыланды

Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жаңа Конституцияны насихаттауға, оның негізгі ережелерін түсіндіруге және ғылыми-техникалық сала үшін маңызын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараны Басқарма мүшесі - Әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректор Ләззат Төлегенқызы ашып, Конституцияның ел дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын басты құжат екенін атап өтті. Ол ғылым мен инновацияны дамытуда құқықтық негіздің рөлі ерекше екенін айтып, мұндай кездесулердің қоғамның құқықтық мәдениетін арттырудағы маңызын жеткізді.
«Бүгінгі кездесуіміз Конституцияның негізгі қағидаларын түсіндіруге, азаматтардың құқықтары мен міндеттері туралы білімін тереңдетуге және құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған. Ата Заңымыздың құндылықтарын дәріптеу арқылы біз әділетті, құқықтық және қуатты Қазақстанды құру ісіне өз үлесімізді қоса аламыз.
Конституцияны құрметтеу – ел болашағына деген жауапкершіліктің айқын көрінісі. Сондықтан әрбір азамат Ата Заңның талаптарын біліп, оны өмірлік ұстанымына айналдыруы қажет», - деді проректор.
Жиынға заң ғылымдарының докторы, конституциялық және азаматтық құқық каферасының профессоры Жамаладен Ибрагимов модераторлық етті. Дөңгелек үстел барысында Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Луиза Узарова, Республикалық медиация кеңесінің және Астана қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатов, тағы басқа саясаттанушылар, әлеуметтанушылар және заңгерлер сөз сөйлеп, жаңа Конституциядағы негізгі өзгерістер мен жаңашылдықтарға тоқталды. Спикерлер конституциялық реформалардың демократиялық институттарды нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сондай-ақ ғылыми-техникалық прогресті қолдауға бағытталғанын атап өтті.
Профессор Марат Сәрсембаев өз баяндамасында жаңа Конституциядағы адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.
«Конституция – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының басты кепілі. Жаңа Конституцияда адамның қадір-қасиетін қорғау, заң мен сот алдында теңдік, сөз бостандығы, қоғамдық өмірге қатысу құқықтары сияқты іргелі қағидаттар айқын көрініс тапқан. Бұл өзгерістер құқықтық мемлекетті нығайтып қана қоймай, азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыруға бағытталған. Әрбір азамат өз құқықтарын біліп, оларды тиімді пайдалана алғанда ғана Конституцияның шынайы құндылығы ашылады», - деді ғалым.
Ол сондай-ақ конституциялық реформалардың адам құқықтарын қорғаудың халықаралық стандарттарына сәйкес келетінін атап өтіп, құқықтық мәдениетті қалыптастыруда жоғары оқу орындарының рөлі ерекше екенін айтты.
ҚХА кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдарының докторы, профессор Наталья Калашникова «Конституция–2026: ғылыми-білім беру архитектурасы» тақырыбында баяндама жасап, Конституцияның білім мен ғылымды дамытудың институционалдық негізі ретіндегі маңызына тоқталды.
«Конституция – тек құқықтық құжат қана емес, сонымен қатар қоғамның зияткерлік және ғылыми әлеуетін қалыптастыратын стратегиялық бағдар. Бүгінгі таңда ғылыми-білім беру кеңістігінің дамуы академиялық еркіндік, сапалы білімге қолжетімділік және ғылыми зерттеулерді қолдау сияқты конституциялық қағидаттарға сүйенеді. Сондықтан Конституцияда бекітілген нормалар еліміздің инновациялық дамуына, адами капиталды нығайтуға және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруға қызмет етеді. Алдағы жаңа оқу жылынан бастап, Халықаралық қатынастар және ҚХА кафедраларында жаңа білім беру бағдарламалры бойынша сабақтар жүргізіледі», - деді Наталья Калашникова.
Оның айтуынша, жаңа конституциялық қағидаттар ғылым мен білім беру саласындағы реформаларды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, университеттердің зерттеу әлеуетін арттыруға және халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етеді.
Кездесу ашық пікірталас форматында өтіп, қатысушылар өз ұсыныстары мен көзқарастарын ортаға салды. Дөңгелек үстел қорытындысында жаңа Конституцияның қағидаттарын түсіндіру және оны қоғамның әртүрлі салаларында тиімді іске асырудың маңыздылығы атап өтілді.
