
Білім мен еңбектің жемісі: филология факультетінің түлектеріне қос диплом табысталды

Биылғы жылы қосдипломдық білім беру бағдарламалары бойынша білім алған түлектерге дипломдар тапсырылды. Атап айтқанда, Ресей Халықтар Достығы университеті, Уфа ғылым және технологиялар университеті және Ош мемлекеттік университетімен бірлескен бағдарламалардың түлектері қос диплом иегері атанды.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің түлектеріне салтанатты түрде диплом табыстау рәсімі өтті. Мерекелік жиынға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, ардагер ұстаздар, ата-аналар мен бітіруші түлектер қатысты.
Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, университет пен факультеттің жетістіктері туралы арнайы бейнеролик көрсетілді.
Түлектерді ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықовтың атынан құттықтау лебізін университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай жеткізді. Жастардың білім жолындағы жетістіктеріне тоқталған проректор алған білімдерін ел игілігі жолында пайдаланып, кәсіби тұрғыдан биік белестерді бағындыруларына тілектестік білдірді.
«Құрметті түлектер! Бүгін сіздер үшін ерекше күн. Университет қабырғасында алған білімдеріңіз бен жинаған тәжірибелеріңіз сіздерді үлкен өмірге жетелейді. Филология – тек мамандық емес, ол ұлттың рухани құндылықтарын сақтап, келер ұрпаққа жеткізетін маңызды сала. Сондықтан сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеледі.
Еңбектеріңіздің жемісін көріп, кәсіби жолдарыңызда табысқа жетулеріңізге тілектеспін. Қай жерде жүрсеңіздер де, өз білімдеріңізбен, мәдениеттеріңізбен және адамгершілік қасиеттеріңізбен ел дамуына үлес қосады деп сенемін. Ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңыздың үмітін ақтап, биік белестерді бағындырыңыздар. Дипломдарыңыз құтты, болашақтарыңыз жарқын болсын!», - деді проректор.
Филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы түлектерге ақжарма ақ тілегін арнап, олардың оқу жылдарындағы жетістіктерін атап өтті
«Біз сіздердің жетістіктеріңізді әрдайым мақтан тұтамыз. Алдағы өмір жолдарыңызда биік мақсаттарға жетіп, ел дамуына қызмет ететін білікті маман болуларыңызға тілектеспін. Дипломдарыңыз құтты болсын! Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке, кәсіби табыс және биік белестер тілеймін! Әрқашан білімге ұмтылып, ел игілігі жолында еңбек етіңіздер.
Жолдарыңыз ашық, болашақтарыңыз жарқын болсын!», - деді факультет деканы Серікзат Дүйсенғазы.
ҚР Парламенті Мәжілісінің IV сайланымдағы депутаты Бахыт Сыздықова және факультеттің ардагер ұстаздары сөз сөйлеп, жас мамандарға өмірлік кәсіби бағыт-бағдар беретін ақыл-кеңестерімен бөлісті.
«Құрметті түлектер! Мен өзім де осы филология факультетінің түлегімін. Бүгінгі диплом алу рәсімі – бірнеше жылдық еңбектеріңіздің нәтижесі. Сіздер білім мен ғылым жолында ізденіп, филология саласының қыр-сырын меңгердіңіздер. Енді алған білімдеріңізді қоғам игілігіне жұмсап, кәсіби ортада өз орындарыңызды табатын кез келді.
Филология факультеті әрдайым ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, тіл мен әдебиеттің дамуына үлес қосатын мамандар даярлауды басты міндет санайды. Осы жолда сіздер де өз білімдеріңізбен, шығармашылық ізденістеріңізбен және азаматтық ұстанымдарыңызбен ерекшеленеді деп сенемін», - деді Бахыт Сыздықова.
Салтанатты рәсім барысында бакалавриат пен магистратура бағдарламаларын табысты аяқтаған түлектерге мемлекеттік үлгідегі дипломдар табысталды. Сонымен қатар оқу үлгерімі жоғары, халықаралық және республикалық деңгейдегі ғылыми, шығармашылық байқауларда жеңімпаз атанып, университеттің қоғамдық өміріне белсенді қатысқан студенттер «Үздік диплом» иегері атанды. Белсенді, үздік бітірген түлектердің ата-аналарына Алғыс хат табысталды. Онда: «Сіздердің балаңыз жоғары білім алып, университетті табысты аяқтауына қосқан өлшеусіз еңбектеріңіз, қамқорлықтарыңыз бен қолдауларыңыз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз», -делінген.
Шара барысында ата-аналар атынан құттықтау сөз айтылып, ұстаздарға алғыс білдірілді. Үздік диплом иегерінің анасы Дина Шәріпхан балалардың сапалы білім алып, маман ретінде қалыптасуына үлес қосқан университет ұжымына ризашылықтарын жеткізді.
«Бүгін біз үшін ерекше қуанышты күн. Балаларымыздың студент атанып келген сәті кеше ғана сияқты еді, міне, бүгін қолдарына диплом алып отыр. Осы жылдар ішінде олардың білім алып, тұлға болып қалыптасуына үлес қосқан университет басшылығына, факультет ұжымына және барлық ұстаздарға ата-аналар атынан шынайы алғысымды білдіремін», - деді ол.
Биылғы жылы қосдипломдық білім беру бағдарламалары бойынша білім алған Ресей Халықтар Достығы университеті, Уфа ғылым және технологиялар университеті және Ош мемлекеттік университетімен бірлескен бағдарламалардың түлектері қос диплом иегері атанды. Салтанатты шарада қос дипломдық білім беру бағдарламасы бойынша, яғни Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Ош мемлекеттік университетінің дипломдарын Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің үшінші хатшысы Эрнист Абдирашитов табыс етті. «Орыс тілі мен әдебиеті» және «Аударма ісі» бойынша 15 түлек қос диплом алды. Олар: Абдиллабек кызы Асель, Аскарбекова Мадина, Апсаматова Айгүл, Маматкаримова Аида, Рустамбек кызы Нургиза, Курмушуева Гүлкайыр, Ураимжанова Руслана, Машрапова Алеся, Байназарова Маиза, Алманбет кызы Кызсайкал, Нуралиева Эркинай, Самайбек кызы Бурулча, Медербек кызы Барчынай, Дүкөнбаева Сезим, Сарыкова Эркинай.
Жалпы, биыл Қазақ филологиясы, қазақ тілі мен әдебиеті - 55; Орыс филологиясы, орыс тілі мен әдебиеті - 60; Аударма ісі - 25; Қытай филологиясы және шетел филологиясы - 20; Шетел филологиясы, қытай тілі магистратурасы – 9; Аударма ісі магистратурасы – 16; Қазақ филологиясы, қазақ тілі мен әдебиеті магистратурасы - 32 түлек шығарды.Сонымен қатар биыл алғаш рет факультетте Қос дипломдық білім беру бағдарламасы бойынша – 27 түлек қос диплом иегерлері атанды. Оның ішінде 15 түлек - Ош мемлекеттік университеті, 8 - РУДН және Уфа университеттері, 4 - Нүкіс университеті.
Іс-шара барысында әскери кафедраны үздік аяқтап, «Запастағы офицер» бағдарламасы бойынша даярлықтан өткен бірқатар түлектерге ҚР Қорғаныс министрлігінің бұйрығына сәйкес «лейтенант» әскери шені берілді.Оны ЕҰУ әскери кафедрасының бастығы, генерал-майор Еділ Оразов табыс етті.
Мерекелік кеште факультет түлектері мен студенттері әннен шашу шашып, эстрада жұлдызы Қайрат Баекенов өнер көрсетті. Сондай-ақ ENU Endowment қорының қызметі таныстырылып, түлектер университеттің әлеуметтік санаттағы студенттерін қолдау бастамасына үлес қосуға шақырылды.
Салтанатты шара соңында түлектерге ақ жол тілеп, олардың болашақта еліміздің ғылымы мен білімінің дамуына үлес қосатын білікті маман боларына сенім білдірілді.Жиын көтеріңкі көңіл күйде өтіп, жас мамандардың жаңа өмір жолына қадам басуымен есте қалды.
«Бүгін біз үшін толқыныс пен қуанышқа толы күн. Студенттік өмірдің қызықты да жауапты кезеңін артқа тастап, жаңа өмір белесіне қадам басқалы тұрмыз. Осы уақыт ішінде бізге сапалы білім беріп, бағыт-бағдар көрсеткен ұстаздарымызға, әрдайым қолдау білдірген ата-аналарымызға және университет ұжымына шексіз алғысымызды білдіреміз.
Филология факультеті бізге тек кәсіби білім ғана емес, өмірлік құндылықтарды, ізденіс пен жауапкершіліктің маңызын үйретті. Біз университеттен алған білімімізді ел игілігіне жұмсап, өз мамандығымыздың абыройын асқақтатуға күш саламыз.
Барша түлектердің атынан ұстаздарымызға тағзым етіп, бізге артқан сенімдеріңізді ақтауға уәде береміз. Университетіміздің мерейі әрдайым үстем болып, түлектерінің жетістігі арта берсін!», - деді түлектер атынан сөз сөйлеген Рақат Тамаша.
Филология факультетінің 2026 жылғы түлектерін шын жүректен құттықтаймыз! Олардың алдағы өмір жолында толағай табыс пен жаңа белестер тілейміз.
