
ЕҰУ ғалымдары мен докторанттары Польшадағы халықаралық жазғы мектепте білім алды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Сәулет-құрылыс факультетінің профессор-оқытушылар құрамы мен докторанттары Краков технологиялық университеті (Польша) ұйымдастырған «IMPK - Sustainable Building Materials and Technologies» («Тұрақты құрылыс материалдары мен технологиялары») халықаралық жазғы мектебіне қатысты. Бағдарлама халықаралық «Spinaker» жобасы аясында өткізілді.
Экологиялық таза құрылыс материалдары мен тұрақты құрылыс технологияларына арналған білім беру бағдарламасы Краков технологиялық университетінің PhD докторы, профессоры Изабела Хагердің (Izabela Hager) жетекшілігімен ұйымдастырылды. Оқу аралас форматта өткізіліп, онлайн сабақтар мен Краков қаласында өткен тәжірибелік кезеңді қамтыды.
Еуразия ұлттық университеті атынан «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс технологиялары» кафедрасының меңгерушісі Ләззат Аруова, «Құрылыс» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Ақмарал Тілеубаева, «Сәулет» кафедрасының аға оқытушысы Ләйлә Жақсылықова, сондай-ақ «Құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын өндіру» білім беру бағдарламасының докторанттары Данара Мәжит пен Салтанат Төлембаева қатысты.
Дәрістер мен практикалық сабақтарды Краков технологиялық университетінің жетекші ғалымдары: профессор Изабела Хагер (Izabela Hager), профессор Томаш Трач (Tomasz Tracz), PhD докторлары Томаш Здеб (Tomasz Zdeb), Мацей Урбан (Maciej Urban), Барбара Козуб (Barbara Kozub), Шимон Гондек (Szymon Gądek), Катаржина Мруз (Katarzyna Mróz) және Александр Козак (Aleksander Kozak) жүргізді.
Жазғы мектепке Франция, Қытай, Украина, Вьетнам, Тайвань, Латвия және Солтүстік Македония елдерінің өкілдері қатысты. Бағдарлама аясында тыңдаушылар экологиялық құрылыс материалдары, инновациялық технологиялар және тұрақты құрылыс қағидаттарына арналған тоғыз мамандандырылған микрооқу курсын меңгерді.
Халықаралық білім беру бағдарламасына қатысу ЕҰУ оқытушылары мен жас зерттеушілеріне шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуға, жаңа ғылыми байланыстар орнатуға және тұрақты құрылыс саласындағы озық әлемдік тәжірибелермен танысуға мүмкіндік берді. Алынған білім мен құзыреттер университеттің білім беру және ғылыми-зерттеу қызметіне енгізіліп, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және құрылыс саласына жоғары білікті мамандар даярлау сапасын арттыруға ықпал етеді.
