
18 елден келген студенттер ЕҰУ-ға стипендиялық бағдарлама аясында оқуға қабылданды

Қазақстан жоғары оқу орындарында шетелдіктерді оқытуға арналған стипендиялық бағдарлама аясында 18 елден келген 53 шетелдік студент Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне оқуға қабылданды.
Биыл университет шетелдік стипендиаттар санын арттырып, қабылдау географиясын кеңейтті.
ЕҰУ тарихында алғаш рет Алжир, Бангладеш, Индонезия, Мальдив аралдары, Марокко және Палестина азаматтары білім алады. Сонымен қатар университетке Әзербайжан, Ауғанстан, Беларусь, Иран, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Біріккен Араб Әмірліктері, Корея Республикасы, Ресей, Түрікменстан және Өзбекстан азаматтары қабылданды.
Қабылдау географиясының кеңеюіне ЕҰУ командасының Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырған Study in Kazakhstan білім беру көрмелеріне (Қытай, Индонезия және Әзербайжан), сондай-ақ Тәжікстан мен Моңғолияда өткен халықаралық білім беру көрмелеріне көп жылдан бері тұрақты қатысуы ықпал етті.
Шетелдік талапкерлер университетті таңдағанда ЕҰУ-дың халықаралық рейтингтердегі жоғары көрсеткіштеріне, профессор-оқытушылар құрамының әлеуетіне, дамыған ғылыми-зерттеу инфрақұрылымына және Қазақстанның елордасында білім алудың мүмкіндіктеріне назар аударады.
QS World University Rankings жаһандық рейтингінің соңғы шығарылымында ЕҰУ International Students («Халықаралық студенттер») көрсеткіші бойынша 106 орынға көтерілді. Университеттегі шетелдік студенттер санының тұрақты өсуі Times Higher Education рейтингтерінде де көрініс тапқан.
