
ЕҰУ-да магистранттар саны артып келеді: гранттық және ақылы оқуға қызығушылық жоғары

Еуразия ұлттық университеті магистратурада білім алғысы келетін талапкерлер арасында сұранысы жоғары оқу орындарының бірі ретінде өз позициясын нығайтып келеді. Биыл магистратура бағдарламаларына мемлекеттік грант негізінде де, ақылы оқу форматы бойынша да қызығушылық жоғары болды.
2026 жылғы мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсының қорытындысы бойынша 1825 түлек пен жас маман ЕҰУ магистратурасында білім алу үшін мемлекеттік грант иегері атанды. Сонымен қатар алдағы уақытта бұл көрсеткішке Қытай Халық Республикасынан келетін 180 білім алушы және 35 шетелдік азамат қосылады.
1825 мемлекеттік гранттан бөлек, қабылдау науқанының қорытындысы бойынша 4 талапкер жергілікті атқарушы орглардың грантына ие болды. Сондай-ақ 6 талапкер стипендиялық бағдарламалар аясында оқуға қабылданды.
ЕҰУ магистратурасына деген қызығушылық гранттық орындармен ғана шектелмейді. Ақылы негізде білім алуды таңдаған талапкерлердің саны да жоғары. Мәселен, бір күн ішінде магистратурада ақылы негізде білім алуға 60-тан астам талапкер құжат тапсырды. Бұл мемлекеттік гранттар конкурсы аяқталғаннан кейін де талапкерлердің магистр дәрежесін алу үшін ЕҰУ-ды таңдайтынын көрсетеді.
Университет магистратурасына шетелдік азаматтардың да қызығушылығы артып келеді. Бүгінде 220 шетелдік азамат магистратураға түсу үшін сұхбаттасудан өтіп, қажетті құжаттарын тапсырды. Талапкерлер географиясының кеңеюі ЕҰУ-дың халықаралық білім беру кеңістігіндегі тартымдылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
ЕҰУ магистратурасына қабылдау науқаны жалғасуда. Университет талапкерлерге заманауи білім беру бағдарламаларын таңдауға, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуға және кәсіби құзыреттерін дамытуға мүмкіндік береді.
«Аудиовизуалды өнер және медиа өндіріс» білім беру бағдарламасы бойынша мемлекеттік грант иегері атанған Ералы Мақсат қабылдау барысындағы әсерімен бөлісті:
«Мен ЕҰУ-да бакалавриатты тәмамдап, білімімді магистратурада жалғастыруды шештім. Мемлекеттік гранттар конкурсының нәтижесін білген кезде түрлі сезімді бастан өткердім. Бір жағынан, грант негізінде білім алып, шәкіртақы алатыныма қуандым. Екінші жағынан, күмән де болды. Өткен жылы магистратураға түсушілер 140-тан жоғары балл жинаған еді. Сондықтан рейтингте қандай орын алатынымды уайымдадым.
Сол себепті қазір өте қуаныштымын. Бұл — ЕҰУ-ға грант негізінде екінші рет түсуім. Алғаш рет бакалавриатқа түскен кезде де мемлекеттік грант иегері атанған едім. Сол кезде де медиаөнерге байланысты бағытты таңдадым. Биыл осы мамандық бойынша білімімді жалғастыруды жөн көрдім, себебі бұл бағыт маған шынымен жақын. Медиа саласы мені теориялық тұрғыдан да, практикалық жағынан да қызықтырады. Әрі қарай осы бағытта дамығым келеді».
Айша Темірғалиева «Мода, дизайн» білім беру бағдарламасы бойынша магистратураға мемлекеттік білім беру грантының иегері атанды.
«Магистратураға түсу туралы алғаш ойланған кезімде университет таңдау мәселесі айқын болды. Еуразия ұлттық университеті мен үшін әрдайым білім беру сапасының жоғары стандарттарымен, мықты ғылыми базасымен және қалыптасқан академиялық ортасымен ерекшеленетін оқу орны ретінде танылды.
Емтихандарға дайындық кезеңі жоспарлы әрі жүйелі түрде өтті. Бұған уақытымды тиімді ұйымдастыру дағдым көмектесті. Жүктемені өзіме ыңғайлы етіп бөліп, алға қойған мақсатыма біртіндеп қадам басуға тырыстым. Еліміз бойынша ең жоғары балл жинағанымды естіген сәтте, бұл мен үшін үлкен қуаныш әрі жағымды жаңалық болды.
ЕҰУ-да магистратурадағы оқуымды үлкен ынтамен бастап, жаңа білім мен тәжірибе жинақтауды асыға күтіп жүрмін», – деп атап өтті А. Темірғалиева.
