
ЕҰУ-да 5 мыңнан астам студент жаңа оқу жылын бастады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жаңа оқу жылының басталуына орай Білім күні аталып өтті. Биыл университет 5 326 бірінші курс студентін қабылдады. Олардың 4 286-дан астамы - грант иегерлері.
Мерекелік күн аясында университеттің барлық факультеттерінде бірінші курс студенттеріне арналған салтанатты жиындар мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Жаңа студенттерге университеттің білім беру мүмкіндіктері, академиялық және студенттік өмірі таныстырылды.
ЕҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай жаңа оқу жылының басталуымен студенттерді құттықтап, университетке қабылданған жастарға сәттілік тіледі.
«Еуразия ұлттық университетін таңдаған әрбір жас – үлкен мақсат пен биік арманның иесі. Университетке қабылданғандардың қатарында 955 «Алтын белгі» иегері, 832 үздік аттестат иегері, сондай-ақ халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары бар. Бұл – білімге ұмтылған жастардың университетке деген сенімінің жоғары екенін көрсетеді.
Университетіміз 30 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осындай маңызды кезеңде ЕҰУ студенті атану – сіздер үшін де, біз үшін де ерекше қуаныш. Алда сіздерді жаңа білім, тың ізденістер мен жарқын мүмкіндіктерге толы студенттік кезең күтіп тұр. ЕҰУ-да өз мүмкіндіктеріңізді барынша пайдаланып, кәсіби тұрғыдан қалыптасып, үлкен жетістіктерге жетулеріңізге тілектеспін. Жаңа оқу жылдарыңыз сәтті болсын!», - деді проректор.
Халықаралық қатынастар факультетінің 1-курс студенті Меруерт Бахытжан университетте студенттерге жасалған жағдайларға тоқталып, алғашқы әсерімен бөлісті.
«ЕҰУ студенті атану – мен үшін үлкен қуаныш әрі жауапкершілік. Университетке келген алғашқы күннен-ақ мұнда білім алуға ғана емес, жан-жақты дамуға бағытталған мүмкіндіктердің мол екеніне көз жеткіздім. Заманауи оқу аудиториялары, кітапхана, коворкинг орталықтары, спорт кешені мен жатақханалар студенттер үшін жайлы орта қалыптастырған. Осындай қолайлы жағдай жасап отырған университет ұжымына алғысымды білдіремін», - деді студент.
Сонымен қатар, алғашқы күнді ерекше көңіл күймен жалғастырған «Welcome to ENU – Open Air» мерекелік кеші ұйымдастырылды. Кеш бағдарламасында студенттік ұйымдар мен клубтар өз жұмыстарын таныстырып, музыкалық және би қойылымдары көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Кеш соңында түрлі байқаулар өткізіліп, белсенді жастарға ЕҰУ-дың имидждік өнімдері табысталды.
