
ЕҰУ ғалымы мемлекеттік қолдау аясында пәтер сертификатына ие болды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Жаратылыстану ғылымдары институтының биотехнология және микробиология кафедрасының аға оқытушысы, PhD Қазбек Дюсембаев жас зерттеушілерді мемлекеттік қолдау аясында пәтер сертификатына ие болған Қазақстанның бес жас ғалымының қатарына енді. Сертификатты салтанатты түрде табыстау рәсіміне ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. Саясат Нұрбек қатысты.
Қазбек Дюсембаев — ЕҰУ-дың «Биотехнология» мамандығының түлегі. 2016 жылы ол «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанып, Австралиядағы Гриффит университетінің докторантурасында білімін жалғастырды. 2023 жылы нуттың аскохитозын диагностикалаудың озық әдістеріне арналған тақырыпта PhD докторлық диссертациясын қорғады.
Ғалымның негізгі ғылыми қызығушылықтары ауыл шаруашылығы дақылдарының ауруларын диагностикалауға, олардың қоздырғыштарын зерттеуге, сондай-ақ фитопатогендерді ерте анықтау және бақылаудың заманауи әдістерін әзірлеуге бағытталған. Австралияда білім алған кезінде ол нуттың саңырауқұлақ қоздырғышы Ascochyta rabiei-ді зерттеп, ауруды ерте диагностикалауға арналған биосенсорлар әзірлеумен айналысты. Ғылыми жобаларға белсенді қатысқаны үшін 2019 жылы The Crawford Fund Student Award халықаралық сыйлығына ие болды.
2023 жылдан бері Қазбек Дюсембаев ЕҰУ-да қызмет атқарып келеді. Ол университетте «General Microbiology» және «Industrial Biotechnology» пәндерін ағылшын тілінде оқытып, студенттердің ғылыми-зерттеу жобаларына жетекшілік етеді.
Ғалым Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыратын ғылыми жобаларға да белсенді қатысады. 2024 жылы ол Қазақстандағы нуттың саңырауқұлақ ауруларының генетикалық сипаттамасын зерттеуге арналған жас ғалымдар жобасына жетекшілік етті. Сонымен қатар, Дюсембаев Гриффит университетінің ғалымдарымен бірлесіп, өсімдік ауруларын ерте диагностикалауға арналған биосенсорларды әзірлеу бағытында зерттеулер жүргізіп келеді.
2024 жылы оның ғылыми жұмысы Nature баспасының халықаралық Scientific Reports журналында жарияланды. Зерттеу ДНҚ-ны амплификациялау әдісін қолданбай, нуттың аскохитозын жылдам анықтауға арналған.
2023 жылы Қазбек Дюсембаев JANA ASU грантының иегері атанды. Грант аясында ол ПТР-тестілеу әдісін қолдану арқылы алма ағашының саңырауқұлақ ауруларын жедел әрі нысаналы анықтау әдісін әзірледі.
«Мен тұрғын үй сертификатын өтеусіз негізде алдым. Мен үшін бұл – тек маңызды әлеуметтік қолдау ғана емес, сонымен қатар мемлекеттің жас ғалымдарға ерекше көңіл бөліп, олардың кәсіби дамуына жағдай жасап отырғанының айқын көрінісі.
Бүгінде жас зерттеушілердің жетекші ғалымдармен және шетелдік университеттермен бірлесіп ғылыми жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндігі бар. Біз Германия, Малайзия және басқа да елдердің ғалымдарымен бірлескен жобаларға қатысып келеміз. Осындай қолдау мен мүмкіндіктер жас мамандардың ғылымда кәсіби тұрғыдан дамуына ғана емес, отандық ғылымның дамуына өз үлесін қосуына да жол ашады.
Менің ойымша, тұрғын үй сертификаты жас ғалымдар үшін өте маңызды қолдау. Мемлекет сені маман ретінде ғана емес, сонымен қатар маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуде де қолдаса, бұл адамға үлкен сенім береді және одан әрі ғылыми ізденіске деген ынтасын арттырады.
Жас ғалымдарға үлкен мақсаттар қоюдан қорықпаңыздар дегім келеді. Егер сіздер ғылым жолын енді бастап келе жатсаңыздар, жоспарларыңыз бен армандарыңыздан бас тартпай, жаңа білімге ұмтылыңыздар және алдарыңызға биік мақсаттар қойыңыздар», - деді Қазбек Дюсембаев.
