
ЕҰУ мен ICTO CCUS технологиялары саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Халықаралық көмірқышқыл газын ұстау, пайдалану және сақтау технологиялары саласындағы инновациялар мен ынтымақтастық ұйымының (ICTO) делегациясымен кездесу өтті.
Кездесуге ICTO төрағасы Ма Юншэн, ұйым төрағасының атқарушы орынбасары Люй Лянгун, Бас хатшы Ли Ян, Бас хатшының атқарушы орынбасары Ван Лицзюань және ұйымның басқа да өкілдері қатысты. Делегация құрамында Қазақстандағы China Petrochemical Corporation (Sinopec) өкілдігінің басшысы Фан Сяннань және компанияның бизнес өкілі Батай Гульдана болды.
ЕҰУ тарапынан кездесуге Ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректор міндетін атқарушы Абзал Талтенов, Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Анастасия Кармелюк және Халықаралық қатынастар факультетінің деканы Қосыбаев Мирас қатысты.
Кездесу барысында тараптар ғылыми-технологиялық және білім беру салаларындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, CCUS технологиялары, көмірқышқыл газын ұстау, тасымалдау, пайдалану және геологиялық сақтау бағыттарындағы бірлескен ғылыми зерттеулерді дамыту мәселелеріне назар аударылды.
Сонымен қатар тараптар университеттер мен ғылыми-зерттеу ұйымдары арасындағы академиялық алмасуларды, жас ғалымдардың халықаралық жобаларға қатысуын, бірлескен семинарлар мен ғылыми іс-шараларды ұйымдастыруды басты бағыттардың бірі ретінде атап өтті.
ЕҰУ үшін бұл ынтымақтастық энергетика, геология, химиялық инженерия, экология және тұрақты даму бағыттарындағы ғылыми әлеуетті одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді. Қазақстанның мұнай-газ, энергетика, тау-кен, металлургия және химия өнеркәсібіндегі әлеуетін ескере отырып, CCUS технологияларын зерттеу және оларды практикалық қолдану саласындағы бірлескен жобалардың маңызы зор.
Кездесу қорытындысы бойынша университет пен ICTO арасында ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты дамытуға екі тараптың да мүдделі екені атап өтілді.
Айта кетейік, CCUS (Carbon Capture, Utilization and Storage) - өнеркәсіптік кәсіпорындардан бөлінетін көмірқышқыл газын атмосфераға шығарылмай тұрып ұстауға, кейін оны пайдалануға немесе ұзақ мерзімді геологиялық сақтауға бағытталған технологиялар кешені. Бұл технологиялар көміртегі шығарындыларын қысқарту және төмен көміртекті экономикаға көшу үшін маңызды құралдардың бірі болып саналады.
