
Күміс университетінде «Жаңадан бастаушыларға арналған араб тілі» курс аяқталды

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің үздіксіз білім беру институты Күміс университетінің тыңдаушыларына "Жаңадан бастаушыларға арналған Араб тілі" білім беру курсын өткізді.
Курс лекторы Нұрбол Абубакиров тыңдаушыларды араб тілінің негіздерімен және араб жазуының ерекшеліктерімен таныстырды. Курс барысында араб тіліне кіріспе, араб әліпбиі, әріптердің оқылуы мен айтылу ережелері, сондай-ақ әріптердің сөздің басында, ортасында және соңында жазылу ерекшеліктері қарастырылды.
Тыңдаушылар алған білімдерін бекітуге және оқу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған практикалық әрі дамытушы жаттығулар орындады. Сабақтар барысында жекелеген әріптерді, артикльдер мен сөз тіркестерін оқу ережелеріне де назар аударылды.
Курс туралы өз әсерімен «Күміс университетінің» тыңдаушысы Марфуза Сүлейменова бөлісті:
«Курс лекторы Нұрбол Абсаттарұлы әр тақырыпты тыңдаушыларға жеке әрі түсінікті түрде жеткізе білді. Оқу үдерісі араб әліпбиін меңгеруден басталып, Құран сүрелерін оқуға дейін жалғасты. Осындай пайдалы әрі сапалы курсты ұйымдастырғаны үшін Үздіксіз білім беру институтына алғысымызды білдіреміз. Жаңа білім алуға мүмкіндік бергендеріңіз үшін рақмет!»
Осындай білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру аға буын өкілдерінің тұлғалық дамуы мен интеллектуалдық белсенділігін арттыруға, тілдер мен мәдениеттерді үйренуге жаңа мүмкіндіктер ашуға ықпал етеді.
Барлық жастағы адамдар үшін қолжетімді әрі сапалы үздіксіз білім алуға жағдай жасау, тұлғалық дамуға, когнитивтік қабілеттерді жетілдіруге, жаңа құзыреттерді қалыптастыруға, кәсіби өсуге және өмір сапасын арттыруға бағытталған білім беру мүмкіндіктерін кеңейту — Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Үздіксіз білім беру институты қызметінің басым бағыттарының бірі.
