
ЕҰУ профессоры Асқар Жүсіпбеков Кембриджде өткен CREST-2026 халықаралық конференциясында Қазақстанның ғылыми әзірлемелерін таныстырды

Профессор, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Геотехникалық институтының директоры Л. Н. Гумилева Асқар Жүсіпбеков Кембридж университетінде (Ұлыбритания) өткен Геотехника және геоэкология жөніндегі Үшінші халықаралық конференцияда (CREST - 2026) ЕҰУ-дың ғылыми әзірлемелерін таныстырды.
Конференция аясында профессор Асқар Жүсіпбеков «ГИС негізінде ғимараттар мен құрылыстардың іргетастарын таңдау үшін инженерлік-геологиялық жағдайларды бағалау» тақырыбында ғылыми баяндама жасап, геотехникалық жобалаудың өзекті міндеттерін шешуде заманауи геоақпараттық технологияларды қолдану мәселелерін ұсынды.
Халықаралық форумға әлемнің 20 елінен 200-ге жуық ғалымдар мен мамандар қатысты. Конференцияның негізгі ұйымдастырушылары Кембридж университеті (Ұлыбритания) және Кюсю университеті (Жапония) болды. Форум жұмысына TC 307, ATC1, ATC3 халықаралық техникалық комитеттері және Press-in халықаралық қауымдастығы белсенді қатысты.
Конференция барысында геотехника мен геоэкологияны дамытудың заманауи бағыттары, ғылыми зерттеулердің нәтижелері және халықаралық ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды. CREST төртінші халықаралық конференциясы 2029 жылы Үндістанның Бангалор қаласында өтеді.
Ғылыми сапар аясында профессор Асқар Жүсіпбеков City University London университетіндегі ISSMGE кеңсесіне барып, Халықаралық топырақ механикасы және геотехникалық инженерия қоғамының (ISSMGE) хатшылығы өкілдерімен және City University London профессорларымен кездесті.
Құрылыс кафедрасының меңгерушісі, профессор Sarah Stallebrass және профессор Michael Davies қазақстандық ғалымға университеттің геотехникалық зертханасын таныстырып, зертханалық жабдықтардың мүмкіндіктерін, соның ішінде геотехникалық центрифуганы көрсетті. Аталған центрифуганы ғылыми-білім беру үдерісіне енгізу белгілі ғалым-геотехник Neil Taylor есімімен байланысты. Ол геотехникалық центрифугалау технологиясы бойынша кеңінен танымал еңбектің авторы.
Ғылыми сапардың тағы бір маңызды алаңы Brunel University London болды. Университетте профессор Асқар Жүсіпбеков «Development of a Geoinformation Database - Artificial Intelligence System for Optimization of Soil Bases and Foundations in Construction in Problematical Soil Ground of Kazakhstan» гранттық жобасы аясында жүргізілген зерттеулердің нәтижелеріне арналған дәріс оқыды.
Сапар барысында Brunel University-дің College of Engineering профессоры Philip Collins-пен кездесу өтті. Кездесу барысында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Brunel University докторанттарын тарта отырып, бірлескен ғылыми мақала дайындау мәселелері талқыланды. Бірлескен зерттеу нәтижелерін 2027 жылғы 25–27 наурызда Өзбекстанның Ташкент қаласында өтетін 80th International Conference on Vibroengineering конференциясында ұсыну жоспарланып отыр.
Британдық ғалымдармен жүргізілген келіссөздер барысында халықаралық ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамытуға және «Геотехника» мамандығы бойынша докторанттарды даярлауға ерекше назар аударылды.
Тараптар ғылыми тағылымдамаларды ұйымдастыру, бірлескен зерттеулер жүргізу, шақырылған дәрістер өткізу, бірлескен ғылыми жарияланымдар әзірлеу, сондай-ақ ЕҰУ-дың жас ғалымдарын халықаралық ғылыми жобаларға тарту мүмкіндіктерін талқылады.
