
ЕҰУ-да «Ұрпақтар диалогы» жобасы аясында күміс волонтерлер мен студенттердің кездесуі өтті
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Үздіксіз білім беру институты Саясаттану кафедрасымен бірлесіп, «Ұрпақтар диалогы» жобасы аясында күміс волонтерлер мен студенттердің кездесуін өткізді.
Аталған жоба әртүрлі буын өкілдерін волонтерлік, белсенді азаматтық ұстаным, өзара құрмет және тәжірибе алмасу сияқты ортақ құндылықтар негізінде бір алаңға біріктірді.
Кездесуге күміс волонтерлер Ләззат Утеулова, Күләш Молдахметова, Ғалымжан Аманбаев, Гүлмира Жолбасқанова, Алтын Момынкулова, Гулжамиля Қонақбаева және Ирина Иванова қатысты. Олар Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мен Болашақ ойындарындағы волонтерлік қызметтері туралы әсерлерімен бөлісіп, күміс волонтерлердің түрлі бағыттардағы жан-жақты жұмыстары жөнінде әңгімеледі.
Өз кезегінде волонтерлік қызметпен айналысатын студент Равиль Якуда жастар волонтерлерінің ЕҰУ аясында атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып берді. Осылайша, кездесу барысында әр буын өкілдері өзара тәжірибе, пікір және идея алмасты.
Кездесудің маңызды бөліктерінің бірі — бірінші курс студенттерінің университет өмірімен және ЕҰУ дәстүрлерімен танысуы болды. Жаңа оқу жылының басталуымен барлық қатысушыларды Саясаттану кафедрасының профессоры Гүлнар Асқеева құттықтады. Бірінші курс студенттеріне естелік сыйлықтар табысталды.
Іс-шараның жарқын сәті - ЕҰУ-дың Серебряный университеті тыңдаушыларына арналған «Ересек жастағы әйелдерге арналған модельдік жүріс негіздері» курсын аяқтаған түлектердің модельдік жүріс көрсетуі болды. Қатысушылар дұрыс дене қалпын, сенімді жүріс пен сымбаттылықты көрсетіп, ұлттық киім үлгілерін таныстырды.
Студент Альбина Ержанова өз әсерімен бөлісті:
«Маған нәзік те әсем жастағы әйелдердің өкшелі аяқ киіммен осылай әдемі жүріп, ұлттық киімдерді көрсетуі ұнады. Ұлттық киімнің ерекшеліктерін күнделікті өмірде де байқап жүрміз. Дұрыс жүрістің элементтерін біз де ескеретін боламыз. Өте қызықты болды».
Кездесу студенттер үшін Серебряный университеттің қызметімен және «Ұрпақтар диалогы» жобасымен алғаш рет жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.
Студент Ратмир Енсегенов іс-шараның мазмұнды әрі ақпаратқа бай болғанын атап өтті:
«Үздіксіз білім беру институтының қызметкері Райхан Баймагамбетованың сөзінен Серебряный университеттің қызметі және “Ұрпақтар диалогы” жобасының жүзеге асырылуы туралы алғаш рет білдім. Бізге курстардың өту барысы туралы бейнеролик көрсетілді. Серебряный университетте сабақ беретін оқытушыларымызды көрдік. Енді ЕҰУ-да біз сияқты, тек жасы үлкен студенттердің де білім алып жүргенін білетін боламыз».
«Ұрпақтар диалогы» жобасын жүзеге асыру жастар мен аға буын арасындағы өзара байланысты нығайтып, жаңа мазмұнмен толықтырудың маңыздылығын көрсетеді. Аға буын өкілдері жастарға өмірлік тәжірибесін, кәсіби және практикалық дағдыларын берсе, жастар өз кезегінде заманауи технологияларды меңгеруге, гаджеттерді, мобильді қосымшалар мен цифрлық сервистерді пайдалануға көмектеседі.
Мұндай өзара іс-қимыл екі тарап үшін де білім мен тәжірибе алмасуға, қолдау көрсетуге және еркін қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар университеттік ортада ұрпақтар сабақтастығын қалыптастырып, өзара құрмет пен ынтымақтастық мәдениетін дамытуға ықпал етеді.
Студенттердің күміс волонтерлермен таныстығы әрі қарай да жалғасады. «Ұрпақтар диалогы» жобасы бірлескен кездесулер, жаңа бастамалар мен әлеуметтік және волонтерлік жобаларды жүзеге асыруға тың мүмкіндіктер ашады.
