
Қазақстанның партиялық жүйесі мен саяси өкілдіктің жаңа тетіктері сараптамалық алаңда талқыланды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Өзгерістер дәуіріндегі Қазақстанның саяси партиялары: реформалардан жаңартылған өкілдік жүйесіне дейін» атты сараптамалық алаң өтті.
Сараптамалық алаң жұмысына университет басшылығы, саяси партиялардың өкілдері, депутаттар, саясаттанушылар, заңгерлер, зерттеушілер, мемлекеттік органдардың, сараптамалық және академиялық қоғамдастықтың өкілдері қатысты.
«Шаңырақ» ғылыми-білім беру орталығы ұйымдастырған іс-шара Қазақстанның партиялық жүйесінің трансформациясы мен саяси өкілдіктің жаңа тетіктерін талқылауға арналды. Сараптамалық алаң елдің саяси-құқықтық архитектурасы жаңарып, өкілді органдарды қалыптастыру қағидаттары мен саяси қатысу мүмкіндіктері өзгеріп жатқан кезеңде ұйымдастырылды.
Жиын барысында саяси реформалардың партиялық жүйеге ықпалы, саяси партиялардың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары, саяси бәсекелестіктің жаңа формалары және қоғамдық-саяси өкілдіктің өзгеріп жатқан мазмұны талқыланды.
«Зерттеу университеті мәртебесі бізге үлкен мүмкіндікпен қатар, жауапкершілік те жүктейді. Мемлекет пен қоғам бізден нақты әрі сапалы ғылыми нәтижелер күтеді. Сондықтан ғылыми зерттеулердің нақты нәтижеге бағытталуына, олардың практикада қолданылуына және жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін дамытуға ерекше мән береміз. Бүгінгі сараптамалық алаң кәсіби пікір алмасуға, жаңа ғылыми байланыстар орнатуға және өзара тәжірибе бөлісуге мүмкіндік береді», – деді ЕҰУ-дың ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректоры Нұрбек Сапарходжаев.
Сараптамалық алаңның негізгі оқиғаларының бірі «Қазіргі демократиялық транзит жағдайындағы партиялық жүйелердің эволюциясы: халықаралық тәжірибе және даму перспективалары» атты ұжымдық монографияның таныстырылымы болды.
Аталған ғылыми еңбек ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы шеңберіндегі AP26102027 «Әлеуметтік-саяси депривация және оның Қазақстанның халық тығыз қоныстанған өңірлеріндегі этносаралық шоғырлану мен қоғамдық оптимизмге ықпалы» ғылыми-зерттеу жобасын іске асыру аясында дайындалған.
Монографияда саяси өзгерістер жағдайындағы партиялық жүйелердің трансформациясы, саяси партиялар қызметінің конституциялық негіздері, олардың мемлекетпен және қоғаммен өзара іс-қимылы, саяси бәсекелестіктің дамуы, сондай-ақ қоғамдық және саяси өкілдіктің жаңа тетіктері қарастырылды. Зерттеу барысында Қазақстанның партиялық жүйесінің қазіргі даму кезеңіне және оны одан әрі жетілдіру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Талқылау кезінде саяси реформалардан кейінгі Қазақстанның партиялық жүйесіндегі өзгерістер, саяси партиялар үшін қалыптасқан жаңа мүмкіндіктер мен сын-қатерлер, электоралдық және бағдарламалық бәсекелестіктің арақатынасы сөз болды. Сонымен қатар қоғамдық диалог пен өкілдіктің жаңа институттарының рөлі, партиялық жүйені дамытудың келесі кезеңі жөнінде пікірлер айтылды.
«Бүгінде Қазақстанның партиялық жүйесі саяси реформалардың жаңа кезеңімен бірге трансформацияланып келеді. Бұл үдеріс саяси партиялардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырып қана қоймай, олардың нақты бағдарламалар мен қоғамдық бастамалар ұсынуына жаңа мүмкіндіктер қалыптастырды. Саяси өкілдіктің сапасы партиялардың азаматтардың сұранысы мен пікірін қаншалықты тиімді жеткізе алуына байланысты. Сондықтан алдағы кезеңде партиялар арасындағы бәсекелестік тек электоралдық деңгейде емес, идеялар мен бағдарламалар деңгейінде де күшеюі маңызды», – деді Ұлттық құрылтай депутаты, заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Башимов.
Іс-шара қорытынды пікірталаспен аяқталып, оның соңында ұжымдық монографияның даналары салтанатты түрде табысталды.
