
Қытайдағы Еуразиялық ғылым және технологиялар мектебінде 270 студент білім ала бастады

Жаңа оқу жылында 270 бакалавриат студенті Қытай Халық Республикасында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Наньнин педагогикалық университетінің бірлескен жобасы негізінде құрылған Еуразиялық ғылым және технологиялар мектебінде білім ала бастады. Қытай жоғары оқу орнының базасында оқыту үш білім беру бағдарламасы бойынша жүргізіледі: «Бейорганикалық химия», «Органикалық заттар химиясы және полимерлер» және «Биология».
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор міндетін атқарушы Абзал Талтенов бастаған делегация ҚХР-ға сапары аясында Наньнин педагогикалық университетінің басшылығымен кездесті. Кездесу барысында тараптар бірлескен білім беру жобаларын одан әрі дамыту және жаратылыстану ғылымдарының сұранысқа ие бағыттары бойынша мамандар даярлау мәселелерін талқылады.
Қазақстандық қонақтарды қарсы алған Наньнин педагогикалық университеті партия комитетінің хатшысы Чжан Пэн Қытай мен Қазақстанның алғашқы бірлескен білім беру мекемесінің ашылуы «Бір белдеу – бір жол» білім беру бастамасын жүзеге асырудағы және Орталық Азиямен ғылыми-білім беру ынтымақтастығын тереңдетудегі маңызды нәтиже екенін атап өтті.
«Еуразиялық ғылым және технологиялар мектебі екі университеттің озық білім беру ресурстарын терең интеграциялайды, халықаралық ASIIN аккредитациясының негізгі оқу курстары жүйесін енгізеді және жоғары сапалы халықаралық мамандар даярлау моделін жүзеге асырады. Мектептің мақсаты – берік білім базасы, кең дүниетанымы, инновациялық ойлау қабілеті және практикалық дағдылары бар жоғары білікті, жан-жақты инженер-технологтарды даярлау», – деді Чжан Пэн.
Еуразиялық ғылым және технологиялар мектебінің ашылу салтанатында ЕҰУ-дың стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор міндетін атқарушы Абзал Талтенов жетекші шетелдік университеттермен стратегиялық серіктестікті дамыту Еуразия ұлттық университетінің халықаралық қызметіндегі басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.
«Бұл тәсілдің жарқын мысалы – Еуразия ұлттық университеті мен Наньнин педагогикалық университетінің өзара ынтымақтастығы. Екі жоғары оқу орнының бірлескен жұмысы Еуразиялық ғылым және технологиялар мектебін құру арқылы нақты жүзеге асты.
Бүгінде бұл жоба ЕҰУ үшін ғана емес, жалпы Қазақстан үшін де ең перспективалы халықаралық білім беру жобаларының бірі деп сеніммен айтуға болады. Ол отандық университеттің халықаралық бастамаларға қатысумен ғана шектелмей, жаңа білім беру институттарын құруда толыққанды серіктес болуға, бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға және Қазақстан мен Қытай арасында тұрақты академиялық байланыстар қалыптастыруға қабілетті екенін айқын көрсетеді», – деп атап өтті А. Талтенов.
Еуразиялық ғылым және технологиялар мектебі биылғы сәуір айында ҚХР Білім министрлігінің ресми аккредитациясынан кейін ашылды. Білім беру қос дипломды модель бойынша ұйымдастырылған: бағдарламаны аяқтаған түлектер Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ мен Наньнин педагогикалық университетінің дипломдарын ала алады.
Оқу процесі ЕҰУ-дың білім беру стандарттарын ескере отырып ұйымдастырылған. Университеттің Жаратылыстану ғылымдары институтының мамандары оқу жоспарларын, білім беру бағдарламаларының құрылымын және студенттерді даярлау сапасына қойылатын талаптарды әзірлеуге қатысты.
ЕҰУ Жаратылыстану ғылымдары институтының директоры Жарас Берденовтің пікірінше, Еуразиялық ғылым және технологиялар мектебі үш білім беру бағдарламасын жүзеге асыратын алаңнан әлдеқайда ауқымды жобаға айналуы тиіс.
«Серіктестіктің келесі маңызды кезеңі бірлескен ғылыми қызметті кеңейту болуы керек. Болашақта тек химия мен биология саласында ғана емес, биотехнология және экология сияқты перспективалы бағыттарда да бірлескен зерттеу топтары мен зертханаларын құру мүмкіндігін көріп отырмыз», – деді Ж. Берденов.
Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының екі жоғары оқу орнының бірлескен жобасы екі университеттің академиялық ресурстарын біріктіріп, заманауи ғылыми және өндірістік міндеттерге бағдарланған мамандар даярлауға мүмкіндік береді.
Студенттер алған құзыреттерін химия, мұнай-химия және фармацевтика салаларында, сондай-ақ биотехнология және инновациялар бағыттарында кәсіби қызметін жалғастыру үшін пайдалана алады. Перспективалы бағыттардың қатарында ғылыми-зерттеу жұмыстары, аналитикалық және экологиялық зертханалардағы қызмет, сараптамалық ұйымдар мен өндірістік кәсіпорындарда жұмыс істеу бар.
