
ЕҰУ ғалым-лингвисі Германия мен Түркияда академиялық қазақ тілі корпусын әзірлеу жобасын таныстырды

«Цифрлық гуманитарлық ғылымдар: Академиялық қазақ тілінің корпусын әзірлеу» ғылыми жобасын жүзеге асыру аясында жоба жетекшісі, ф.ғ.к. «Қазақ тіл білімі» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гүлнәр Сәрсеке шетелдің жетекші жоғары оқу орындарында - Германияның Майнц Йоханнес Гутенберг университеті және Түркияның Мерсин, Торос университеттерінде ғылыми іссапарда болып қайтты.
Бұл іссапарлардың мақсаты - ғылыми жобаның міндеттерін жүзеге асыру, шетелдік әріптестермен корпус құру ісінде тәжірибе алмасу және университеттер арасында халықаралық ғылыми ынтымақтастық орнату.
Ғылыми іссапардың алғашқы бағыты Түркияның Мерсин университетінің Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультетіне қарасты Түрік тілі және әдебиеті кафедрасы болды. Бұл университет – Түрік тілінің ұлттық корпусын әзірлеген ғалымдар жұмыс жасаған жоғары оқу орны. Аталған кафедра түрік тілінің тарихын, қазіргі құрылымы мен әдебиетін іргелі және қолданбалы бағытта зерттейтін жетекші академиялық орталықтардың бірі. Осы кафедрада ғалым түрік тіл білімінің белгілі маманы, профессор, кафедра меңгерушісі ғылым докторы Хүрриет Гөкдайымен (Hürriyet Gökdayı) кездесті. Профессор Х. Гөкдайы - түркі тілдерінің лингвистикасы, синтаксис, семантика және тілдік байланыстар саласында ауқымды зерттеулер жүргізіп жүрген білікті ғалым. Кездесу барысында қазақ тілінің академиялық корпусын құру тәжірибесі талқыланып, алдағы уақытта түрік және қазақ тілдерінің материалдары негізінде бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу бағыттары айқындалды. Сонымен қатар Гүлнәр Сәрсеке Түрік тілінің ұлттық корпусын құрған ғылыми топтың мүшесі Мерсин қаласындағы Торос университетінің Аударма және ауызша аударма кафедрасының қауымдастырылған профессоры ғылым докторы Үміт Демирханмен және докторанттармен кездесіп, жобаны таныстырып, презентация жасады. Ғылыми жобаның вебсайтын таныстырды. Сұрақтарға жауап берді. Ғылым докторы Үміт Демирхан түркі тілінің ұлттық корпусын құрушы топтың мүшесі ретінде өздері құрған ұлттық корпусты таныстырды.
Ғылыми іссапардың келесі нүктесі QS World University Rankings 2026 рейтингісінде үздік 500 университеттің қатарына кіретін Германияның Майнц Йоханнес Гутенберг университеті болды. Мұнда Тюркология кафедрасының меңгерушісі ғылым докторы, профессор Джулиан Ренчпен (Julian Rentzsch) кездесті. Жалпы түркі тіл білімі, типология, тарихи лингвистика, морфосинтаксис және семантика салаларының маманы Джулиан Ренчпен кездесуде қазақ тілінің академиялық корпусын әзірлеу жобасының нәтижелері таныстырылып, жоба аясында жарық көрген «Корпус лингвистикасы» оқулығы мен «Академиялық кілт сөз тізімдері/Academic Keyword Lists» сөздігі таныстырылып, университетке сыйға тартылды. Іссапар аясында Гүлнәр Сәрсеке Майнц Йоханнес Гутенберг университетінің ғылыми кітапханасында болып, жоба мақсат-міндеттеріне сәйкес корпус лингвистикасы, корпустарды құру теориясы мен тәжірибесіне қатысты ғылыми әдебиеттермен жұмыс жасады.Сондай-ақ кафедралар арасындағы ғылыми ынтымақтастықты дамыту мәселелері қарастырылды. Талқылаулар нәтижесінде Германияның Майнц Йоханнес Гутенберг университеті мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті арасында халықаралық ынтымақтастық келісімшарты жасалды.
