
ЕҰУ бірінші курстары болашақ мамандығымен танысты
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Көлік-энергетика факультетінің «Стандарттау, сертификаттау және метрология» кафедрасында бірінші курс студенттерінің салалық қоғамдастық өкілдерімен кәсіби-бағдар беру кездесуі өтті. Кездесу болашақ мамандар, оқытушылар және техникалық реттеу, стандарттау, сертификаттау және метрология саласының тәжірибешілері арасындағы ашық диалог алаңына айналды.
Іс-шараға шақырылған сарапшылар мен бейінді ұйымдардың басшылары қатысты:
Гүлмира Баймурзина - кафедра тәлімгері, «Ұлттық аккредиттеу орталығы» ШЖҚ РМК Ұлттық аккредиттеу жүйесінің бағалаушысы және техникалық сарапшысы;
Айгүл Дарибаева - Техникалық реттеу, стандарттау, сертификаттау және метрология жөніндегі республикалық академияның басшысы;
Марғұлан Фалеев - Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Сәйкестікті бағалау және аккредиттеу басқармасының басшысы.
Кездесу барысында бірінші курс студенттері болашақ мамандықтарының ерекшеліктерімен танысып, өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі стандарттау, сертификаттау, метрология, сәйкестікті бағалау және аккредиттеудің рөлі туралы ақпарат алды.
Кәсіби қоғамдастық өкілдері практикалық тәжірибелерімен бөлісіп, қазіргі таңда мамандарға қойылатын талаптар, жұмысқа орналасу перспективалары, кәсіби және мансаптық даму мүмкіндіктері туралы әңгімеледі.
Кездесуде білім беру мен кәсіби ортаның өзара байланысына ерекше назар аударылды. Студенттер сала мамандарына өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тікелей кәсіби кеңестер алуға мүмкіндік алды.
Осындай кездесулерді бірінші курстан бастап өткізу студенттердің таңдаған мамандығына саналы көзқарасын қалыптастыруға, алған білімдері мен нақты кәсіби қызмет арасындағы байланысты түсінуге және болашақ кәсіби даму бағыттарын айқындауға ықпал етеді.
«Стандарттау, сертификаттау және метрология» кафедрасы қонақтарға мазмұнды кәсіби сұхбат, құнды кеңестері және болашақ мамандарға көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдіреді.
