
Қазақстандық геосинтетика қауымдастығының есебі Монреальдағы Дүниежүзілік геосаммитте бекітілді

Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының академигі, Қазақстандық геосинтетика қауымдастығының президенті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Асқар Жүсіпбеков Канаданың Монреаль қаласында өткен Геосинтетика қауымдастықтарының дүниежүзілік геосаммиті мен геосинтетика саласындағы қауымдастықтар ассамблеясының, соның ішінде IGS корпоративтік мүшелерінің жұмысына қатысты. Аталған іс-шаралар Геосинтетика бойынша 13-ші халықаралық конференция (13ICG) аясында өтті.
Геосаммит жұмысына әлемнің 53 елінен 852 маман қатысты. Іскерлік және ғылыми бағдарламамен қатар халықаралық көрме ұйымдастырылып, онда геосинтетикалық материалдарды жобалау, сынақтан өткізу және өндіру саласындағы заманауи технологиялар таныстырылды.
Саммит барысында Асқар Жүсіпбеков Қазақстандық геосинтетика қауымдастығының қызметі туралы есеп берді. Ұсынылған есеп іс-шараға қатысушылар тарапынан қаралып, бекітілді.
Сапар аясында ЕҰУ профессоры профессор Пунe Магульдің (Pooneh Maghoul) шақыруымен Polytechnique Montréal университетінде дәріс оқыды. Дәріс Қазақстанның күрделі топырақ жағдайларында мегақұрылыс нысандарына арналған қадалы іргетастарды геотехникалық жобалау мәселелеріне арналды.
Профессор Pooneh Maghoul қазақстандық әріптесіне Polytechnique Montréal университетінің құрылымдық зертханасына техникалық тур ұйымдастырды. Кездесу барысында ғалымдар докторанттардың университет зертханасында ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндіктерін, сондай-ақ академиялық ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Өз кезегінде Асқар Жүсіпбеков шетелдік оқытушылардың білім беру үдерісіне қатысуын көздейтін ЕҰУ бағдарламаларын таныстырды.
Келіссөздер барысында суық климат жағдайындағы құрылыс саласында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізудің перспективалық бағыттарына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар ғалымдар Ай мен Марсты болашақта игеру үшін геотехниканы дамытудың ұзақ мерзімді перспективаларын талқылады.
Саммитке қатысушылардың Монреальда болу бағдарламасы порт нысандарына ұйымдастырылған техникалық турмен және Монреальдың Ескі қаласының (Old Montreal) тарихи көрікті жерлеріне экскурсиямен аяқталды.
