
«Тыңдау, түсіну, өзара әрекеттесу»: ЕҰУ қызметкерлері үшін тимбилдинг өтті

Психологиялық қолдау орталығы «Тұмар» оқу-сауықтыру кешенінде декан орынбасарлары мен университет қызметкерлеріне арналған тимбилдинг ұйымдастырды. Бағдарлама «Мен және өзгелер: тыңдау, түсіну, өзара әрекеттесу» тренингі мен арт-терапия бойынша шеберлік сыныбын қамтыды.
Іс-шараның басты мақсаты - қызметкерлердің өзара жағымды қарым-қатынас орнатуына жағдай жасау, ұжымдық байланысты нығайту және белсенді жаттығулар арқылы өзара көмек, сенім мен үйлесімді әрекет ету дағдыларын дамыту.
Тимбилдингтің алғашқы бөлігі орман аясында өтті. Қатысушылар бір-бірін тыңдауға, түсінуге және бірлесе әрекет етуге бағытталған жаттығулар орындады. Табиғат аясындағы еркін формат әріптестердің күнделікті жұмыстан бір сәт тынығып, бір-бірін жақынырақ тануына мүмкіндік берді.
Бағдарлама арнайы шақырылған қонақ - арт-терапевт, педагог-суретші Ақмарал Әбдіқахарқызының арт-терапия бойынша шеберлік сыныбымен жалғасты. Шығармашылық жұмыс қатысушыларға өз ойлары мен көңіл күйін өнер арқылы білдіруге мүмкіндік беріп, кездесуді жағымды әсерлермен толықтырды.
Іс-шара әріптестер арасындағы ашық қарым-қатынас пен өзара қолдауды дамытуға, ұжымдағы сенім мен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.
