
Темірбек Қожакеевтің туғанына 100 жыл: ЕҰУ-да журналистиканың болашағы талқыланды

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақ журналистикасы теориясының негізін салушылардың бірі, белгілі ғалым, профессор Темірбек Қожакеевтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Темірбек Қожакеев мұрасы және жаңа медиа дәуірі: дәстүр, трансформация, инновация» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияның басты мақсаты цифрландыру және жаңа технологиялар дәуіріндегі Қазақстан журналистикасының даму бағыттарын айқындау, оның ішінде ғалымның шығармашылығынан бөлек, қазақ ғылымына қосқан үлесі мен ұлтқа сіңірген еңбегі арқылы жастарға патриоттық тәрбие беру. Сала мамандары Т. Қожакеевтің отандық баспасөздің алтын қорына айналған «Қазақ сатирасы», «Сатира негіздері», «Жас тілшілер серігі» және «Адам және заман» сынды іргелі ғылыми туындылары мен оқулық, оқу құралдарын және басқа ғылыми туындыларын негізге ала отырып, бүгінгі еңбек нарығының талаптарына сай кадрлар даярлау мәселесін талқылады. Халықаралық жиынға Қазақстан Республикасының Құрылтай депутаттары, Қазақстанға еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткерлері, шетелдік және елімізге белгілі тұлғалар, мемлекеттік қызметкерлер, ақын-жазушылар, ұстаз-ғалымдар мен шәкірттері қатысты. Қонақтар қатарында ұлы Мәдет Темірбекұлы, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан және Қарақалпақстанның белгілі зерттеушілері, басқа да танымал шетелдік профессорлар, ғалымдар өз ойларын ортаға салды.
Халықаралық конференцияның салтанатты ашылуында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің директоры Нұржан Қуантаев жиынға келген мәртебелі меймандарға ризашылығын білдіре отырып, Темірбек Қожакеевтей көрнекті ғалымның 100 жылдық мерейтойын атап өтудің бүкіл Қазақ елі үшін, қазақ журналистикасының өткені мен бүгінін саралап, жарқын келешегіне бастайтын маңызы зор, ауқымды, іргелі іс болып табылатынына тоқталды. Ғалымның мол әдеби мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, халқымыздың рухани байлығын арттыру қажеттілігін тілге тиек етті.
Шарада сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашұлы ұстаз-ғалымның ғылыми еңбектерінен бөлек, ардақты азаматтың ғибратты ғұмырына тоқталды.
-Темірбек Қожакеев қазақ журналистикасының бірнеше буынын тәрбиелеген тұлға, аңыз адам. Журналистика факультетінің деканы лауазымды қызметтерін атқарған кездері өзіне артылған зор сенімді абыроймен ақтай білді. Сондай-ақ зейнеткерлікке шыққан тұста да қазақ журналистикасының болашақ мамандарына дәріс беріп, нағыз ұстаздың сөзін сөйледі.Асыл ағамыздың ғибратты ғұмыры халқымыздың жадында әрдайым сақталады», - деді Намазалы Омашұлы.
Мерейтой иесіне арналған конференцияға жиналған ғалымдар «Темірбек Қожакеев – азамат, ғалым, қайраткер», «Т.Қожакеев және қазақ журналистикасының теориялық мектебі: дәстүр, сабақтастық, жаңа парадигмалар», «Қазақ сатирасының теориясы мен поэтикасы: Темірбек Қожакеев зерттеулерінен қазіргі медиасатираға дейін» тақырыптары бойынша келелі сөз қозғады.
Жиында ҚР Құрылтай депутаты, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы қазақ сатирасымен қоса Алаш қайраткерлерін зерттеуде үлкен жұмыстар атқарғанын айтса, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұртөре Жүсіп көрнекті ғалымды алғашқы таныстығынан бастап, өмірден өткенге дейінгі жылдарды есіне алды. Филология ғылымдарының докторы Серік Негимов ғалымның дәрістерінен мысал келтіріп, сөзінің соңын «Баспасөз тарихын білмеген дым білмейді» деген пікірімен аяқтады.
Қазақстанның Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай кемеңгер ұстаздың берген сабақтарын еске ала отырып, бүгінгі конференцияға жастардың көптеп қатысқанын, олардың баяндаманы тапжылмай, мұқият тыңдап отырғанынына ризашылығын білдірді.
Конференция барысында бірқатар шәкірттеріне қазақ журналистикасы теориясының негізін салушылардың бірі, белгілі ғалым, профессор Темірбек Қожакеевтің 100 жылдығына арнайы шығарылған естелік медальді ғалымның ұлы Мәдет Темірбекұлы табыс етті. Сонымен қатар жиын қорытындысы бойынша заманауи журналистік білім беруді жетілдіруге бағытталған арнайы ұсынымдар қабылданды.
