
МГУ медиа зерттеушісі ЕҰУ журналистика факультетінің студенттеріне жасанды интеллекттің мамандыққа әсері туралы айтып берді

Журналистиканың болашағы, жасанды интеллекттің мамандыққа әсері және медиа мамандарына қойылатын жаңа талаптар - осы тақырыптар Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде М. В. Ломоносов атындағы ММУ Журналистика факультеті Сандық журналистика кафедрасының доценті, медиа зерттеуші Александр Колесниченконың қонақ дәрісінде басты назарда болды.
Кездесу ЕҰУ Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің білім алушылары үшін Медиакоммуникациялар және қоғаммен байланыс кафедрасының профессоры Серік Таханның бастамасымен ұйымдастырылды.
«Заманауи журналистика: өнер мен жасанды интеллект арасындағы» тақырыбындағы дәріс цифрлық технологиялардың журналистің күнделікті жұмысына қалай әсер етіп отырғаны және алдағы жылдары медиа нарығының қалай өзгеретіні туралы ашық пікір алмасуға мүмкіндік берді.
Александр Колесниченко қазіргі журналистиканың негізгі үрдістеріне тоқталып, студенттермен бірге бүгінгі медиа саласы үшін өзекті мәселелерді талқылады.
Талқылаудың негізгі тақырыптарының бірі жасанды интеллектіні редакциялық жұмысқа енгізу болды. Қатысушылар қандай міндеттерді алгоритмдерге сеніп тапсыруға болатынын, ал қай жағдайда журналистің кәсіби тәжірибесі, сыни ойлауы және авторлық ұстанымы шешуші рөл атқаратынын талқылады.
Кәсіптің шығармашылық қырына да ерекше назар аударылды. Нейрожелілер дәуірінде журналистер жаңа құралдарды меңгеріп қана қоймай, өз стилін, өзіндік авторлық қолтаңбасын және кәсіби стандарттарға адалдығын сақтауы маңызды.
Автоматтандыру мәселесіне тоқталған спикер технологиялық мүмкіндіктер мен журналистік талдаудың арасындағы тепе-теңдік туралы сөз қозғады. Яғни күнделікті қайталанатын жұмыстарды автоматтандыру арқылы уақытты үнемдей отырып, материалдың тереңдігі мен авторлық дербестігін қалай сақтауға болатыны талқыланды.
Кездесудің маңызды бөліктерінің бірі болашақ мамандардың құзыреттеріне арналды. Қазіргі медиа мамандары үшін цифрлық сауаттылық, жасанды интеллект технологияларымен жұмыс істей білу, ақпаратты талдау және журналистік қағидаларды сақтай отырып, сұранысқа ие контент жасау дағдыларының маңызы артып келеді.
Александр Колесниченко - медиа саласының мамандарына арналған 15-тен астам кітап пен оқу құралының авторы. Сондай-ақ ол «Журналистика және медиа» (2022), «Қазіргі журналистика: цифрландыру жағдайындағы теория мен практика» (2021) және «Цифрлық мерзімді басылымдардағы журналист жұмысы» (2021) сияқты ғылыми және оқу басылымдарының тең авторы.
Дәріс еркін пікір алмасу форматында өтті. Студенттер журналистік материалдар дайындауда нейрожелілерді практикалық тұрғыда пайдалану туралы белсенді түрде сұрақ қойып, өз идеяларымен бөлісті және заманауи медиа саласының даму перспективаларын талқылады.
