
ЕҰУ Times Higher Education 2027 халықаралық рейтингіндегі өз позициясын сақтап қалды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті беделді Times Higher Education (THE World University Rankings 2027) халықаралық рейтингтік агенттігінің нұсқасы бойынша кезекті рет әлемнің үздік университеттері қатарына енді. Әлемдік деңгейдегі ең қатаң әрі кешенді институционалдық рейтингтердің бірінде позицияны сақтау ЕҰУ-дың халықаралық аренадағы ғылыми-білім беру әлеуетінің орнықтылығын білдіреді.
Биыл рейтинг агенттігі әлемнің 2 297 университетін бес негізгі бағыт бойынша бағалады: «Оқыту», «Зерттеу ортасы», «Зерттеу сапасы», «Индустриямен өзара әрекеттестік» және «Халықаралық перспективалар».
Бағалау қорытындысы бойынша ЕҰУ бірден төрт басты санат бойынша көрсеткіштерін жақсартты: «Халықаралық перспективалар», «Зерттеу ортасы», «Зерттеу сапасы», «Индустриямен өзара әрекеттестік». Бес көрсеткіштің ішінде ең жақсы нәтижелер мен жыл сайынғы тұрақтылықты халықаралық қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, университет «Зерттеу ортасы» мен «Зерттеу сапасы» бағыттары бойынша Қазақстандағы үздік 3 жоғары оқу орнының қатарына енді.
Жаһандық бәсекелестіктің үздіксіз өсуі мен әлем бойынша қатысушы университеттер санының жыл сайын артуы жағдайында ЕҰУ ғылыми-зерттеу экожүйесін нығайту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру бойынша жоспарлы жұмысын жалғастыруда.
https://www.timeshighereducation.com/world-university-rankings/latest/world-ranking
