
Университеттердің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қалай арттыруға болады: ЕҰУ-де TAM семинары өтті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақстандық жоғары оқу орындарының өкілдері мен жоғары білім саласындағы сарапшылардың басын қосқан «Халықаралық бәсекеге қабілеттілік және ынтымақтастық» тақырыбындағы екі күндік TAM семинары өтті.
Іс-шара Қазақстандағы Erasmus+ ұлттық офисі және Қазақстанның жоғары білімді реформалау жөніндегі сарапшыларымен (HERE) бірлесіп, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Еуропалық білім және мәдениет жөніндегі атқарушы агенттіктің қолдауымен ұйымдастырылды.
Семинарға Қазақстанның 14 қаласындағы 34 жоғары оқу орнынан 57 өкіл қатысты. ЕҰУ алаңында университет басшылары, құрылымдық бөлімшелердің жетекшілері, зерттеушілер, халықаралық ынтымақтастық пен стратегиялық даму бағытындағы мамандар бас қосты.
Іс-шараның ашылуында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректор Ляззат Төлегенқызы, Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы Өкілдігінің бірінші кеңесшісі, саясат, баспасөз және ақпарат бөлімінің басшысы, Өкілдік басшысының орынбасары Ааро Юлитало және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының міндетін атқарушы Наужан Дидарбекова құттықтау сөз сөйледі.
Екі күндік жұмыстың негізгі тақырыбы қазақстандық университеттердің халықаралық білім және ғылым кеңістігіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттыру болды. Қатысушылар жоғары оқу орындарының халықаралық позициясын нығайтуға, шетелдік серіктестермен ұзақ мерзімді байланыстар орнатуға және халықаралық танымалдылығын арттыруға мүмкіндік беретін құралдар мен тәсілдерді талқылады.
Пікірталастар барысында QS және THE халықаралық рейтингтері, институционалдық тиімділік көрсеткіштері, академиялық және зерттеу әлеуетін дамыту, қос дипломды және бірлескен білім беру бағдарламалары, ағылшын тіліндегі бағдарламалар мен халықаралық ғылыми ынтымақтастық мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар халықаралық қаржыландыру мүмкіндіктері мен шетелдік университеттер және зерттеу ұйымдарымен тұрақты серіктестік құруға назар аударылды.
Семинардың практикалық бөлігі қатысушыларға ұсынылған тәсілдерді өз университеттерінің қызметіне бейімдеп көруге мүмкіндік берді. Стратегиялық зертханалар барысында олар ұйымдарының күшті және әлсіз жақтарын талдап, тиімділік көрсеткіштерін әзірледі, интернационалдандыру бағыттарын айқындап, шетелдік университеттермен салыстырмалы талдау жүргізді.
Қатысушылармен Жерорта теңізі университетінің (Грекия) интернационалдандыру және сыртқы байланыстар жөніндегі проректоры, профессор Константинос Петридис, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жобаларды басқару офисінің академиялық артықшылық және жаһандық бәсекеге қабілеттілік жобалары тобының жетекшісі Фатима Жақыпова, Қазақстандағы Horizon Europe ұлттық үйлестірушісі Алия Сембаева және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Стратегиялық жоспарлау және үйлестіру департаментінің директоры Эльдар Тулеков сараптамалық тәжірибелерімен бөлісті.
ЕҰУ-де TAM семинарының өткізілуі қазақстандық жоғары оқу орындарының өкілдеріне халықаралық тәжірибемен танысып қана қоймай, жоғары білімді интернационалдандыру саласындағы практикалық шешімдерді бірлесіп талқылауға мүмкіндік берді. Мұндай кәсіби алаңдар университеттер арасындағы тәжірибе алмасуды, өзара байланысты және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етеді.
