
ЕҰУ-да түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы атындағы аудитория ашылды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде филология ғылымдарының докторы, түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлының есімі берілген арнайы аудиторияның ашылу рәсімі өтті.
Іс-шара университеттің бас ғимаратында ұйымдастырылды. Жиынға университет басшылығы, ғалымның замандастары, әріптестері, шәкірттері мен жақындары қатысты.
ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов Қаржаубай Сартқожаұлының ғылымға қосқан үлесі мен түркология саласындағы еңбектерінің маңызына тоқталды.
«Бүгін біз көрнекті түрколог ғалым, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлының есімі берілген аудиторияны ашып отырмыз. Бұған дейін есімі көзі тірісінде өзі басқарған Түркология және алтайтану ғылыми-зерттеу орталығына берілген болатын. Бұл – ғалымның ғылымға, түркітану саласына қосқан өлшеусіз еңбегіне көрсетілген үлкен құрмет. Қаржаубай Сартқожаұлының ғылыми мұрасы жас ұрпаққа үлгі болып, осы аудиторияда білім алып, ізденетін жастарға рухани бағдар берсін», - деді ректор.
Салтанатты рәсім барысында Түркология және алтайтану ғылыми-зерттеу орталығының директоры Тұрсынхан Зәкенұлы, ғалымдар Серік Негимов пен Марат Әпсеметов сөз сөйледі.
Ғалымның жары Жәлей Әлғалиқызы Қаржаубай Сартқожаұлының ғылыми жолы мен адамдық болмысы туралы естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ оның замандастары, жолдастары мен шәкірттері ғалымның өмірі мен ғылыми мұрасы жайында естеліктер айтты.
«Бүгін мен үшін жүрекке ерекше әсер ететін күн. Қаржаубайдың еңбегінің бағаланып, есімінің осындай білім ордасында ұлықталуы – отбасы үшін үлкен қуаныш әрі мақтаныш. Ол бар ғұмырын ғылымға, түркі мұрасын зерттеуге және кейінгі ұрпаққа жеткізуге арнады. Осы аудиторияда оның ғылыми жолын жалғастыратын шәкірттер өсіп, еңбегі кейінгі ұрпаққа аманат болғай. Қаржаубайдың есімін ардақтап, еңбегін бағалаған баршаңызға шын жүректен алғыс айтамын», - деді жары Жәлей Әлғалиқызы.
Қаржаубай Сартқожаұлы - түркітану ғылымына үлкен үлес қосқан көрнекті ғалым. Оның ғылыми еңбектері көне түркі жазба мұраларын зерттеу, түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін зерделеу бағыттарымен сабақтасып жатыр.
