
ЕҰУ Кәсіподақ комитетінің төрағасы бес жылға қайта сайланды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында ЕҰУ қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының кезекті конференциясы өтті.
Жиынға Әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректор Ләззат Төлегенқызы, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы Орталық аппаратының Құқықтық жұмыс, еңбекті қорғау және еңбек инспекциясы бөлімінің бас маманы Айдарбек Бектабанов, университет қызметкерлері және кәсіподақ ұйымының мүшелері қатысты.
Конференция барысында ЕҰУ кәсіподақ ұйымының 2022 – 2026 жылдар аралығында атқарған жұмысы қорытындыланды. Сонымен қатар қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау, еңбек жағдайларын жақсарту, ұжым мүшелеріне әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері талқыланып, жұмыс жоспарлары мен басым міндеттер айқындалды.
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева кәсіподақ ұйымдарының қызметкерлердің құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғаудағы маңызына тоқталды.
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы биылдан бастап Еуразия ұлттық университетінің кәсіподақ мүшелеріне жыл сайын 15 тегін жолдама беруді ұйғарды. Оның бесеуі техникалық қызметкерлерге, ал оны профессор-оқытушылар құрамына», – деді Айгүл Мұқашева.
ЕҰУ Кәсіподақ комитетінің төрағасы Бәкіжан Сейдеш ұйымның негізгі міндеті университет қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғау, сондай-ақ ұжымда қолайлы еңбек ахуалын қалыптастыру екенін атап өтті.
«Біздің мақсатымыз – әрбір қызметкердің еңбек құқықтарының сақталуына ықпал ету, әлеуметтік қолдауды күшейту және ұжым мүшелерінің әл-ауқатын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізу», – деді Бәкіжан Сейдеш.
Конференцияда кәсіподақ ұйымының университет қызметкерлерінің мүдделерін қорғаудағы және әлеуметтік мәселелерді шешуге қолдау көрсетудегі рөлі де атап өтілді.
Кәсіподақ мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, ЕҰУ профессоры Тілеген Садықов ұйымның атқарып отырған жұмысына оң баға берді.
Конференция қорытындысы бойынша ЕҰУ Кәсіподақ комитетінің төрағасы Бәкіжан Сейдеш бес жылға бірауыздан қайта сайланды.
