
ЕҰУ-да жұмыспен қамту және мемлекеттік қызмет мәселелері талқыланды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде студенттер мен жас мамандарға кәсіби бағдар беру, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері және мемлекеттік қызметке қабылдау мәселелеріне арналған кездесу өтті.
Іс-шараға Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ерлан Жүсіпов, Астана қаласы әкімдігінің Еңбек мобильділігі орталығының директоры Олжас Омар, Алматы ауданы Мансап орталығының директоры Аманбол Амангелдин және Еңбек мобильділігі орталығының маманы Сания Жолдыбаева қатысты.
ЕҰУ-дың Карьера және бизнес-әріптестік бөлімінің басшысы Гүлнұр Смағұлованың айтуынша, университеттің басты міндеттерінің бірі – еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау.
«Университеттің басты міндеттерінің бірі – студенттерге сапалы білім берумен қатар, олардың кәсіби қызметке дайындалуына қолайлы жағдай жасау. Осы бағытта мемлекеттік органдармен және жұмыс берушілермен ынтымақтастықты одан әрі дамытамыз», – деді Гүлнұр Смағұлова.
Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ерлан Жүсіпов мемлекеттік қызметтің жастарға кәсіби тұрғыдан дамуға, білімдері мен қабілеттерін ел игілігіне жұмсауға кең мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Бүгінгі кездесудің мақсаты – студенттерге мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі, конкурстық іріктеу кезеңдері мен қойылатын талаптар туралы жан-жақты ақпарат беру. Жастардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығын арттыру, олардың кәсіби әлеуетін іске асыруына ықпал ету және кәсіби бағдар беру – біздің маңызды міндеттеріміздің бірі», – деді спикер.
Кездесу барысында қатысушыларға еңбек нарығындағы қазіргі мүмкіндіктер, жұмыс іздеу жолдары, мансапты жоспарлау және жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпарат берілді.
Мемлекеттік қызметке орналасу тәртібіне, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптарға, бос лауазымдарға іріктеу кезеңдері мен конкурстарға қатысу ерекшеліктеріне ерекше назар аударылды. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан жан-жақты жауап алды.
Мұндай кездесулер жастардың кәсіби әлеуетін ашуға, еңбек нарығының талаптарына бейімделуіне және болашақ мансабын саналы түрде жоспарлауына ықпал етеді.
