
ЕҰУ ғалымдары Моңғолия қазақтарының дәстүрлі мәдениетіне қатысты бірегей материалдар жинады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары шетелдегі қазақтардың дәстүрлі мәдениетін, рухани мұрасын және ұлттық бірегейлікті сақтау тетіктерін зерттеу мақсатында Моңғолияға ғылыми экспедиция ұйымдастырды. Зерттеу жұмыстары Ұлан-Батыр қаласы мен қазақтар ең көп шоғырланған аймақ саналатын Баян-Өлгий аймағында жүргізілді.
Ғылыми топ құрамында археология және этнология кафедрасының қауымдастырылған профессоры міндетін атқарушы, тарих ғылымдарының кандидаты Зылиха Ибадуллаева, шет тілдері кафедрасының қауымдастырылған профессоры міндетін атқарушы, PhD докторы Гүлжахан Тажитова және саясаттану кафедрасының PhD докторанты Нұржан Болатұлы болды.
Экспедиция Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыратын BR28713029 «Қазіргі ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы халық шығармашылығының әлеуметтік рөлін зерттеу: рухани мәдениетті өзгерту және қайта құру» атты бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында жүзеге асырылды.
Іссапардың басты мақсаты - ұлттық бірегейлікті нығайтудағы халық шығармашылығының заманауи әлеуетін айқындау, рухани мәдениетті жаңғырту мен қайта құру тетіктерін теориялық және қолданбалы негізде талдау үшін шетелдік архивтер мен далалық материалдарды жинақтау болды.
Ғалымдар Моңғолия Мемлекетінің Улан-Батор қаласындағы Ұлттық кітапханасының ғылыми қызметкерлерімен мазмұнды кәсіби кездесулер өткізіліп, зерттеу әдіснамасы мен ғылыми тәсілдер бойынша кеңінен пікір алмасу жүргізілді. Ғалымдар Ұлттық кітапханада Моңғолия қазақтарының мәдени, этнографиялық және рухани мұрасына қатысты кітаптармен, қолжазбалармен, мерзімді басылымдармен және басқа да дереккөздермен танысты, сондай-ақ ұлттық дәстүрлердің қазіргі қоғамда сақталуы мен олардың ғылыми әдебиеттерде көрініс табуын зерттеп көптеген мағлұматтар жинақтады.
Сонымен қатар зерттеу тобы Улан-Батор қаласындағы ұлттық мұражайға барып, Моңғолия аумағында өмір сүрген қазақ халқының тарихи-мәдени дамуы, дәстүрлі шаруашылық жүйесі және рухани құндылықтары жөнінде мазмұнды деректер алынды.
Ғылыми іссапардың екінші кезеңі қазақ диаспорасы ең көп шоғырланған жері Баян-Өлгий аймағында жалғасын тапты. Зерттеушілер Баян-Өлгий қаласындағы Ақтан Бәбиұлы атындағы Орталық кітапханаға барып, этнографиялық және фольклорлық деректерді зерделеді. Аталған кітапхананың директоры Дәлелқызы Алтынгүл ханыммен және фольклорлық материалдарды жинақтаушы зерттеуші Рахметұлы Шынай мырзамен маңызды кездесулер өтті. Ғалымдар өңір қазақтарының жетістіктері мен мәдени іс-шараларын жариялап, халықты біріктіруші рөл атқаратын «Баян Өлке» газетінің жұмысымен де танысты.
Сондай-ақ, ғалымдар тобы Баян-Өлгий қаласындағы №3 орта мектепке барып, мектеп басшылығымен және ұстаздар қауымымен жүздесті. Бұл кездесудің негізгі мақсаты – Моңғолия қазақтарының ұлттық мәдениеті мен дәстүрлерінің білім беру үдерісінде берілу ерекшеліктерімен танысу және оқушылардың этномәдени құндылықтарды меңгеру деңгейін зерделеу болды. Жоба сұрақнамасы негізінде қазақ тілі мен салт-дәстүрін сақтауға бағытталған тәрбие жұмыстары бойынша бірнеше сұхбат өткізілді.
Ұлттық мұраның жалғастығын зерттеу аясында ғалымдар қыз жасауы өндіріс орталығына да барып, қазақ халқының дәстүрлі қолөнері мен қыз жасауына қатысты ұлттық дәстүрлердің сақталу ерекшеліктері, жасау бұйымдарын дайындау технологиясы, олардың түрлері мен символдық мәні терең зерттелді. Сонымен бірге дәстүрлі ағаш және тері өңдеу өнерімен танысу үшін арнайы шеберханаларға барып, қолөнер шеберлерімен жоба сауалнамасы бойынша сұхбаттар жүргізіліп, ұлттық бұйымдарды жасау технологияларының қазіргі замандағы даму бағыттары талданды.
Іссапар барысында экспедиция мүшелері Сақсай ауылына барып, жергілікті тұрғындармен етене араласты. Ұлттық салт-дәстүрлердің өзгеруі мен сақталуын зерттеу мақсатында қазақтың байырғы бүркітшілік өнерімен айналысып жүрген саятшылармен кездесу өтті. Сонымен қатар «бесікке салу» рәсімі мен ұлттық тағамдарды дайындау технологиялары туралы ауыл тұрғындарынан тікелей сұхбаттар алынып, аудио-видео материалдар жинақталды.
Түйіндей келе, Моңғолияның Улан-Батор қаласы мен Баян-Өлгий аймағында жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары өте нәтижелі болды. Жинақталған эмпирикалық материалдар, тереңдетілген сұхбаттар мен мұрағаттық деректер Моңғолия қазақтарының ұлттық бірегейлігін қалыптастырудағы дәстүрлі мәдениеттің, рухани құндылықтардың және ұрпақтар сабақтастығының маңызын кешенді түрде зерделеуге берік негіз қалады. Сонымен қатар халықтың материалдық және материалдық емес мәдени мұрасын сақтау мәселелері бойынша салыстырмалы талдаулар жасалды. Зерттеу нәтижелерін ғылыми мақалалар мен монографиялар жазуда, сондай-ақ мәдени мұраны келешек ұрпаққа жеткізу жолдарын ғылыми тұрғыдан талдауда кеңінен пайдалану жоспарланып отыр. ЕҰУ ғалымдарының бұл қадамы - ұлттық бірегейлік пен халық шығармашылығын әлемдік деңгейде таныту мен сақтау жолындағы іргелі еңбектерінің бірі болып қала бермек.
