
ЕҰУ-да өткен XXII Халықаралық ғылыми форумда Еуразияның болашағы талқыланды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Еуразиялық кеңістік: өркениеттер диалогы және жаңа парадигмалар» атты XXII Халықаралық Еуразиялық ғылыми форум өтті. Форумды ЕҰУ Тарих факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасы ұйымдастырды.
Жиынға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Моңғолия, Беларусь, Украина және Ресейдің ғылыми орталықтарының өкілдері қатысты. Олардың қатарында Түркияның Сельчук университеті, Баку мемлекеттік университеті, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясы, Ош мемлекеттік университеті, Максим Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университеті және Доржи Банзаров атындағы Бурят мемлекеттік университетінің ғалымдары бар.
Іс-шара қатысушылардың Лев Гумилев ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан және белгілі тарихшы, этнолог, этногенездің пассионарлық теориясының негізін қалаушы ғалымның кабинет-музейін аралаудан басталды.
Форумның негізгі мақсаты – пәнаралық ғылыми диалогты дамыту, Еуразиялық кеңістікті зерттеудің жаңа ғылыми тәсілдерін қалыптастыру және халықаралық академиялық байланыстарды нығайту.
Халықаралық жиынды ЕҰУ Ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректор Нұрбек Сапарходжаев ашты:
«Бүгінгі форум Қазақстан мен шет мемлекеттердің ғалымдарын біріктіріп, Еуразияның тарихи және мәдени мұрасын, қазіргі геосаяси үдерістерді, өркениетаралық өзара іс-қимылды және ғылым мен білім беруді дамытудың перспективаларын талқылауға мүмкіндік беретін маңызды ғылыми алаң болып табылады.
Еуразия ғасырлар бойы түрлі халықтар мен мәдениеттердің өзара ықпалдастығы қалыптасқан кеңістік болды. Сондықтан өркениеттік мұраны, көшпелі қоғамдардың тарихи рөлін, Шығыс пен Батыс арасындағы байланыстарды зерделеу және Орталық Азияның дүниежүзілік тарихтағы орнын жаңа ғылыми көзқарастар тұрғысынан пайымдау ерекше маңызға ие», - деді проректор.
Форум жұмысы бес негізгі бағыт бойынша өрбіді. Қатысушылар Орталық Азия мен Еуразиялық кеңістіктегі өркениеттік үдерістердің теориясы мен әдіснамасын, Тұран әлемі мен көшпенділер өркениетінің тарихи-мәдени сабақтастығын, Алтын Орда өркениетінің тарихы мен мұрасын, жаһандық геосаясат пен халықаралық қатынастарды, сондай-ақ ғылым мен білім берудің цифрлық трансформациясын талқылады.
ҚР Құрылтайының депутаты Дихан Қамзабекұлы мен көрнекті режиссер Талғат Теменов Мемлекет басшысының тарихқа деген оң көзқарасына, Лев Гумилевтің ерен еңбегіне, көшпелі өркениеттердің тарихи рөліне, түркі халықтарының мемлекеттілігі мен мәдени мұрасына, Алтын Орданың тарихи маңызына және Орталық Азия тарихын зерттеудің жаңа әдіснамалық тәсілдеріне ерекше назар аударды.
Іс-шара Еуразияның тарихи және мәдени мұрасын, қазіргі геосаяси үдерістерді, өркениетаралық өзара іс-қимылды, сондай-ақ цифрлық трансформация жағдайындағы ғылым мен білім беруді дамытудың перспективаларын талқылауға арналды. Сонымен қатар қатысушылар Еуразияның саяси және мәдени тарихы, тарихи жад, отарлық кезеңдегі өзгерістер, археологиялық мұралар, этносаралық қатынастар және өңір халықтарының тарихи-мәдени байланыстары жөніндегі зерттеулерін ұсынды.
«Архивтік мұра – халықтың тарихи жадын сақтап, өткен мен бүгінді байланыстыратын құнды дереккөз. Оны зерттеу ұлттық тарихты терең тануға, тарихи шындықты қалпына келтіруге және келер ұрпаққа рухани құндылықтарды жеткізуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова.
Сондай-ақ жиын барысында қазіргі заманның өзекті мәселелері де қарастырылды. Атап айтқанда, жас зерттеушілерді, магистранттар мен докторанттарды ғылыми пікірталасқа тартуға, гуманитарлық және пәнаралық зерттеулердің перспективалы бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
Форум жұмысына ұсынылған баяндамалар материалдар жинағында жарық көреді.
