
ЕҰУ студенттері Гиннестің рекордтар кітабына енген халықаралық HackAlem AI хакатонында жүлделі орын иеленді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Жасанды интеллект және цифрлық ғылымдар институтының студенттері Астана қаласында өткен халықаралық HackAlem AI хакатонында III орын иеленді.
2026 жылғы 23 қыркүйекте өткен HackAlem AI хакатоны жасанды интеллект саласындағы ең көп қатысушы жиналған хакатон ретінде Guinness World Records әлемдік рекордын орнатты. Рекорд аясында 2415 қатысушы есепке алынып, бұл жетістік ресми түрде расталды.
«Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» білім беру бағдарламасының студенті Никита Яцкевич, «Ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасының студенттері Нұрбол Нұрпейісов пен VibeOps командасының капитаны Жандос Арлан команда құрамында «Креативті индустриялар» бағыты бойынша III орын иеленді.
Команда іс-шараларды ұйымдастыру кезінде мердігерлерді таңдауға арналған жасанды интеллект негізіндегі интеллектуалды көмекші әзірледі. Жүйе тапсырыс берушінің талаптарын талдап, мердігерлер каталогынан ең қолайлы үш нұсқаны ұсынып, олардың әрқайсысына негіздеме береді.
Жүлделі орын үшін команда Astana Hub тарапынан 2000 АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйлық және OpenAI компаниясының 2000 АҚШ доллары көлеміндегі API токендерін иеленді.
Бұл жетістік ЕҰУ студенттерінің жасанды интеллект технологиялары саласындағы практикалық даярлығын және қолданбалы міндеттерді шешуге бағытталған инновациялық жобаларды әзірлеу әлеуетін көрсетеді.
