
ЕҰУ түлегі Ержан Тастамбеков ЕҰУ студенттеріне білім грантын ұсынды

Республика күніне арналған салтанатты шара аясында ЕҰУ түлегі, «Zebra Coffee» кофеханалар желісінің негізін қалаушы әрі бас директоры, «ENU Endowment Fund» қорының меценаты Ержан Тастамбеков 16 студентке Zebra Coffee Scholarship білім гранттарын ұсынды.
ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов кәсіпкердің табысты бизнес құрумен қатар, өзі түлеп ұшқан университеттің студенттерін қолдауға үлес қосып жүргенін атап өтті.
«Ержан Тастамбеков үлкен бизнес құрып қана қоймай, университет студенттеріне де қолдау көрсетіп келеді. Ол арнайы комиссия құрып, қаржылық мүмкіндігі шектеулі жастардың білім алуына көмектесіп отыр. Мұндай бастамалардың маңызы зор. Жастарға қолдау көрсету – олардың сапалы білім алып, болашақта өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына жол ашу», – деді ректор.
Салтанатты шара барысында Ерлан Сыдықов Ержан Тастамбековке «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне 30 жыл» мерейтойлық медалін табыстады.
«ENU Endowment Fund» – студенттерге ұзақ мерзімді қолдау көрсетуге, ғылым мен білімді дамытуға және университеттің маңызды бастамаларын жүзеге асыруға бағытталған мақсатты қор. Қор университет түлектері мен меценаттарының қолдауын біріктіріп, жастардың білім алуына мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Ержан Тастамбеков 2023 жылдан бері Zebra Coffee Scholarship бастамасы аясында ЕҰУ студенттеріне білім гранттарын тағайындап келеді. Осы уақытқа дейін бағдарлама бойынша 42 студент грант иегері атанды.
