
Кинорежиссер Қалиолла Омаров ЕҰУ студенттерімен деректі кино түсірудің қыр-сырын бөлісті

Астана төріндегі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде кинорежиссер, сценарист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Қалиолла Омаровпен кездесу кеші өтті. Кешті Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші Кенжеғали Мыржықбай жетекшілік ететін «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігі ұйымдастырды.
«Мен Қызылорданың Жаңақорған жерінде дүниеге келіп, Ленинград қаласында білім алып, Алмадыда еңбек етіп, зейнеткерлікке шықтым. Ал бүгін, сонау асқар Алатаудың баурайынан сіздерге сәлем әкелдім»,-деп сөзін бастаған режиссердің кеші жиналған өнер сүйер қауымға, жастарға ой салды, санасын деректі фильм түсірудегі детальдармен сілкіндірді.
Кездесу барысында кинорежиссер «Алаш қайраткерлерінің махаббаты: тұлға, тағдыр және сезім» тақырыбында ұлт қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильмдерін түсіру барысында жинаған құнды деректерімен бөлісіп, олардың тұлғалық бейнесін жаңа қырынан таныстырды. Болмысы биік кинорежиссердің дара кейпі мен дархан мінезі залдағы атмосфераны өзгеше күйге бөледі. Кеш қонақтары ЕҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы Дархан Мыңбай, Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің директоры Нұржан Қуантай, «Еуразия университеті» газетінің бас редакторы Кенже Жұмағұлов, ЕҰУ ардагерлер кеңесінің төрайымы Күлзира Искакова бастаған зиялы қауым өкілдері болды. ЕҰУ студенттері «сізді жақсы көреміз, деректі фильдеріңізге бүкіл қазақ бас иеді» деп, жылы лебіздерін білдірді.
Қалиолла Омаров студент шағынан бастап кино түсіріп, «Ақ түндер-82» кинофестивалінде бас жүлдені жеңіп алған, қазақтың атақты күйші-сазгері Құрманғазы туралы «Кісен ашқан» қысқаметражды фильмінен бастау алған тырнақ алды туындылары «Тәушен», «Атамекен», «Мағжан», «Алашорда», «Нәубет» сынды елуге жуық деректі фильмдермен жалғасты. Шығармашылығы көрермендерге жақсы таныс, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихатталып жүр. Ал бұл кездесуде режиссердің Алаш арыстарының бүкіл ғұмырынан сыр шертетін естелік-әңгімелері кейінгі жастарға тәлім алардық дәріс болды. Кездесуде кинорежиссердің ешқашан еш жерде айтылмаған сырлары баяндалды. Сондай-ақ кеш барысында мемлекет қайраткері Дінмұхамет Қонаев, қаламгерлер Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаев және Алаш арыстарының жарлары туралы естеліктер айтылды. Өнерсүйер қауымның сұрақтарына да жауап берді. Кинорежиссер өз көрермендерін жеке шығармашылығынан хабардар ете келіп, оншақты жыл дайындалған Кенесары туралы деректі фильм түсірілетінінен хабардар етті.
«Енді әркім жүрегі қалаған тақырыбын таңдайды ғой.Менің де өзіме ұнайтын салам бар.Көбінесе сол бағытта жұмыс істеймін.Тарқатып айтсақ, Мағжан, Міржақып, Жамбыл сынды тарихи тұлғалар жайындағы деректі фильмдерді дүниеге әкелдім.Жұртшылық оң қабылдады. Ал «Барып қайт, балам, ауылға» және «Дәулет балуан» фильмдеріне келетін болсам, мен кейіпкерлерімді тек спортшы ретінде ғана емес, басқа да қырынан көрсетуге тырыстым.Бұл менің түсіріп жүрген тақырыптарыма өте ұқсас. Өйткені, Мұстафа мен Дәулет әйгілі спортшылар ғана емес, олар тарихи тұлғалар», - деді Қалиолла Омаров.
Тәлімі мен тағылымы мол осындай кешке көптен бері шөліркеп қалған көрерменнің «Өнер жолындағы өнеге» атты кештен алған әсері еш ұмытылмайды.
Кездесу соңында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Директорлар кеңесінің төрағасы Дархан Мыңбай сөз алып, кинорежиссер Қалиолла Омаровқа Ғылыми кеңестің шешімімен өнер мен білім және ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін университеттің ең жоғары наградасы «Күлтегін» медалін табыс етті.
